Жітіқарадағы 5 бала өлімі: Өрттің себебі анықталып жатыр
Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйде өрт болып, салдарынан бес бала қайтыс болды. Қазір оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиғаға қатысты Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті пікір білдірді.
Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешкісін құрбысына кеткен, ал жұбайы түрмеде отыр. Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр. Өрт-техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі, - деді департаменттен.
Апаттар медицинасы орталығы филиалының психологтары туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетіп жатыр.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық қажетті көмек, соның ішінде материалдық көмек те беріліп жатыр.
Қостанай облысының әкімдігі туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. ТЖМ тұрғындардан кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды, - делінген хабарламада.
Бүгін таңғы сағат 04.29-да Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан шатыры опырылып түскен. Оқиға орнына 7 минут ішінде құтқарушылар келіп жеткенше үй толығымен отқа оранған. Өрт сөндірушілер тез арада өртті сөндіріп, үйінділерді тазартуға кірісті. Сағат 06:08-де өрт оқшауланып, толығымен сөндірілді.
Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылдары кәмелетке толмаған балалар болған. Өкінішке қарай, үйінділерді тазарту барысында бес баланың өлі денесі табылды. Балалардың үлкені, 2011 жылы туылған бала ғана аман, зардап шекпеген.