ЖІӨ өсімі, инвестиция, құрылыс: Қазақстан алты айда қандай нәтижеге қол жеткізді?
2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6%-ға өскен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан – нарықтың сыйымдылығы мен бизнесті жүргізу шарттары тұрғысынан инвесторлар үшін тартымды мемлекет. Ол Орталық Азия өңірінде экономика көлемі бойынша көш бастап тұр – өңірлік ЖІӨ-нің 56%-ын алып отыр.
Еуразиялық даму банкі сарапшыларының айтуынша, Қазақстан экономикасы серпінді дамып, сыртқы күйзелістерге жоғары тұрақтылық көрсетіп келеді. Алдағы бес жылда Қазақстан экономикасының жыл сайынғы өсімі кемінде 5,5% деңгейінде болады деп күтілуде. Алдағы бірнеше жылда ел экономикасы негізінен зауыттар, өндіріс орындары сияқты өңдеуші салалардың дамуы арқасында өседі. Бұл жаңа инвестициялық саясаттың жүзеге асуымен байланысты.
2025 жылғы наурыз айындағы жылдық инфляция 10% болды. Бағаның өсуіне әсер еткен негізгі факторлар:
- тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің артуы,
- жанар-жағармай материалдарының қымбаттауы,
- негізгі сауда серіктес елдердегі инфляцияның жеделдеуі,
- сондай-ақ ҚҚС мөлшерлемесінің ұлғаюы.
Макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығының аға сарапшысы Рамазан Есенгазиевтің айтуынша, жалпы ішкі өнім бірнеше факторға байланысты артады.
Экономикалық өсімнің негізгі драйверлері – көлік, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда және тау-кен өндірісі болды. Теңіз кен орнындағы өндіріс көлемінің артуы, халық табысының көтерілуі, сондай-ақ инфрақұрылымға салынған мемлекеттік инвестициялар айтарлықтай үлес қосты, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, мұнай бағасының түсуі Қазақстан экономикасына ықпалы бар.
Жыл басында мұнай бағасы барреліне 60 долларға дейін түсті. Бұл жаһандық экономиканың баяулауымен және геосаяси шиеленістермен байланысты. Мұндай сыртқы факторлар Қазақстан экономикасына да әсер етуі мүмкін, – деді ол.
Экономист еліміздегі ЖІӨ артуын былай түсіндірді:
Оң динамика ішкі және сыртқы сұраныстың өсуіне, тау-кен компаниялары тарапынан шикізаттың тұрақты жеткізілуіне, сондай-ақ құрылыс материалдары мен компоненттерінің едәуір көлемін қажет ететін көптеген инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты болуы ықтимал - деп түсіндірді Есенгазиев.
Өнеркәсіп саласындағы өсім қандай?
Мұндай нәтижеге өнеркәсіп пен құрылыс салаларынан бастап сауда, көлік және байланысқа дейінгі негізгі салалардағы өсім қарқынының жеделдеуі ықпал етті.
Өнеркәсіп өндірісі 6,4%-ға артты. Елдің 17 өңірінде өсім байқалды: ең жоғары өсім +22,9% көрсеткішімен кен өндіру, тыңайтқыштар, портландцемент пен қант өндірісінің белсенді дамуының нәтижесінде Жамбыл облысында тіркелді. Түркістан және Жетісу облыстарында өндіріс 14,8%-ға, Алматы қаласында 14,1%-ға өсті. Шымкент қаласында өсім 18,9%-ға жетті.
Ауыл шаруашылығындағы ахуал қандай?
Ауыл шаруашылығындағы өсім - 4 %. Ең айқын өсім Атырау облысында (+10,4%), Солтүстік Қазақстан облысында (+7,5%) және Ақмола облысында (+6,5%) тіркелді, бұл негізінен мал мен құс сойымының артуы есебінен болды. Түркістан облысында өсім 6,3%-ды, Абай облысында – 3,6%-ды, ал Қостанай облысында – 4,8%.
Құрылыс қарқыны жоғарылады
Құрылыс саласы қарқынды дамып келеді, 15,4%-ға өсті. Он сегіз өңірде өсім тіркелді, ал Маңғыстау облысында мектептер, тұщытқыш зауыт, мұнай және су құбырларын қайта жаңарту, аудандық аурухана және автожолдарды жөндеу сияқты ауқымды жобалардың арқасында жұмыс көлемі екі есеге артты. Қызылорда облысында өсім 64,5%-ды, Қостанайда – 57,8%-ды, Астанада – 51,8%-ды, Түркістан облысында – 46,6%.
Тұрғын үй құрылысы мен инвестиция көлемі
Тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді: бес айдың ішінде 6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырмен салыстырғанда 5,7%-ға көп. Ең белсенді құрылыс Түркістан облысында (+25,5%), Шымкент қаласында (+23,4%) және Алматы облысында (+20,4%) байқалды.
Негізгі капиталға салынған инвестиция 18,2%-ға артты. Бұл өсім көлік, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымға, сондай-ақ жабдықтар мен жаңа өнеркәсіптік нысандарға бағытталған қаржы салымдарының есебінен қамтамасыз етілді.
Сауда, байланыс және көлік салалары
Сауда айналымы 7,8%-ға артты (қаңтар–сәуір айының қорытындысындағы 7,0%-бен салыстырғанда). Ішкі сауда құрылымында көтерме сауданың үлесі шамамен 68%-ды құрайды. Ағымдағы жылдың қаңтар–мамыр айларында көтерме сауда 8,3%-ға, бөлшек сауда 6,5%-ға өсті.
Өсім қарқыны бойынша Түркістан облысы (+66,2%), Ақмола облысы (+48,9%) және Шымкент қаласы (+23,1%) алдыңғы қатарда.
Байланыс және телекоммуникация саласы 2,8%-ға өсті. Бұл Интернет желісі қызметтері есебінен (+13,9%).
Көлік саласы 23,1%-дық өсім көрсетті — бұл көбіне жүк теміржол көлігінің (+17%) және құбыр арқылы тасымалдаудың өсуіне байланысты (+13,8%). Ең жоғары өсім Жетісу облысында (+39,1%), Абай облысында (+17,7%) және Ақтөбе облысында (+11,3%) тіркелді.
Президент тапсырмалары бақылауда
Үкімет елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі Президенттің тапсырмаларының орындалуын жеке бақылауда ұстауды жалғастырып келеді.