«Жиһаз жасаймын деп 4 жалған парақша ашқан» түркістандық студент ұсталды
Әлеуметтік желіде жиһаз жасаймын деп 4 жалған парақша ашып, тұрғындарды алдаған студент ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын көмек сұрап арызданды. Ер адамның айтуынша, белгісіз біреу Instagram әлеуметтік желісінде үй жиһазын жасап беретінін айтып, ақшасын иемденген.
Келіп түскен шағымға байланысты жедел-іздестіру шараларына Cyberpol тобының тәжірибелі полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде Атыраудың 20 жастағы тұрғыны анықталды.
Әрі қарай тексерулер барысында жігіттің студент екені және ол әлеуметтік желіде 4 бірдей жалған парақша ашып, тұрғындарды алдағаны белгілі болды. Мақтааралдық тергеушілер студенттің 10 адамды алдап, 4 миллион теңге шығын келтіргенін нақтылады.
Жігіт Іnstagram-да үй жиһаздарын арзан бағада жасайтынын айтып, жалған жарнамалар жасап облыстың тұрғындарын алдаған. Сенім білдірген азаматтар жігіттің парақшасындағы жиһаздардың суреті арқылы тапсырыс беріп, ақшаны алдын ала онлайн аударған. Бүгінде ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті жігіттің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр, - деп жазылған хабарламада.