Жигули Дайрабаев: Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына делдал көптігі себеп

Бүгін Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев елордадағы «Шапағат» коммуналдық базарына арнайы барып, сауда нүктесінің тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Кандидат осы жерде күнделікті нәпақасын тауып жүрген сатушылармен, жұртшылықпен тілдесіп қана қоймай, өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына да тоқталды.

Атқарушы билік мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын төмендетуге тырысқанына қарамастан, қымбаттылық қарқынын тежеу мүмкін болмай тұр. Жигули Дайрабаевпен және оның партияластарымен кездесуде жұртшылық азық-түлік бағасының шарықтап кеткеніне шағымданды.

Жигули Дайрабаевтың айтуынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына делдал көптігі себеп. 

Фермерлердің өнімді жинап болған соң оны сақтайтын қоймасы жоқ. Ақшасы барлар, бірақ ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқтар, осы өнімді арзан бағаға сатып алады да қалаға әкеліп, пайдасын қосып, сатады. Кімге сатарын білмеген шаруалар өнімдерін өздері жеткізуге тырысады. Ол өнімнің өзі жол бойы он рет тексеріліп, қаралады. Қалаға жетсе де, сатып алушылармен бетпе-бет кездесетін мына сіздерге дейін жете алмайды. Өйткені ортада көтерме делдалдар бар. Мінекей, далада өскен өнім осында жеткенше осылай талайдың жеміне айналады, – дейді Жигули Дайрабаев.

Көпшілікті алаңдатқан мәселені шешу үшін ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту қажет.

Сонымен қатар отандық ауыл шаруашылық өндірісін дамыта отырып, экспортқа да ерекше назар аудару қажет. 

Елдің агроөнеркәсіптік кешені үлкен әлеуетке ие болғандықтан, оның сыртқы нарықтағы даму келешегі зор. Ауылшаруашылық өнімдерін әлемдік бағамен сата отырып, біз өзіміздің шикізаттық өндірісімізді ынтыландырамыз, өңдеу кәсіпорындарының өндірісін арттырамыз. Жолға қойылған экспорт каналдары, ақыр соңында, біздің ауыл шаруашылығымызды дамытып, қайта өңдеуді жаңа белеске шығаратын факторға айналады, – дейді Жигули Дайрабаев.

Кандидаттың сайлауалды бағдарламасының негізгі тұстарымен танысқан көпшілік, бұдан бөлек өздерін алаңдатқан сұрақтарды қойып, тұшымды жауап алды. Кандидат өз кезегінде ұстанымдары тек белгілі бір бағыттармен шектелмейтінін, осындай кездесулер барысында халық көтерген мәселелер де назарға алынатын  айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы