Жібек жолы сайлау учаскесінде 306 адам дауыс берді

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ауыл әкімдерін сайлау елде айтулы саяси оқиғалардың біріне айналғалы тұр. Себебі халық демократияға бір қадам жақындап, өз әкімін таңдау құқына ие болды. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен жарлықтың негізінде бүгін, 25 шілдеде ауыл әкімдерін сайлауға дауыс беру басталып кетті.

Түркістан облысы бойынша 60 ауыл әкімі тікелей дауыс беру арқылы, оның ішінде 55 ауылдық округі мен 3 кент, 2 ауыл әкімін халық өздері таңдап, кімдер болатынын бүгін шешеді. 


Сонымен бүгінгі сайлауда саяси партиялар атынан 83 үміткер, өзін өзі ұсынғандардан 127 үміткер, яғни жалпы алғанда 210 үміткер бағын сынайды. 


Қазіргі кезде Түркістан аймағында 241 учаскеде сайлау жүріп жатыр. 


Әкім болуға 10 үміткер әйел қатысып жатыр. Ал ең жас үміткер 27 жаста екен. Сайлауға көбіне мемлекеттік қызметтен 74 үміткер ұсынылған, бюджеттік саладан 70, 31 қызметтегі әкім, 19 жекеменшік кәсіпкер ұсынылған. 


Бүгін Сайрам ауданы, Жібек жолы ауыл округіндегі халық та 549 учаскесінде өтіп жатқан сайлауға қызу кіріскен. Мұнда 6056 халық тұрады, ал сайлаушылар саны - 2411. Сайлау учаскелер саны - 3.  Ауыл округі әкімдігіне жалпы 6 үміткер құжаттарын тапсырған. 1 үміткер Nur Otan партиясынан, 1 үміткер – «Ақ жол» партиясынан, 1 үміткер – «Ауыл» партиясынан және 3 үміткер өзін өзі ұсынған азаматтар. 1 үміткердің құжаттары біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты кері қайтарылған, үш үміткердің отбасылық жағдайына байланысты құжаттарын кері қайтарып алған. 


549 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Болаттемір Алтаевтың айтуынша, қазірге дейін 306 адам дауыс беріп үлгерді. 


Бұл округ бойынша екі үміткер қатысады. 9 бақылаушы тіркелген, заңға сәйкес яғни ПТР бәрін тексеріп тіркеп отырмыз. Ауыл халқы таңертең дауысты жақсы беріп жатыр. Түстен кейін қалған сайлаушылар келеді деп ойлаймыз. Бұл сайлау ерекше, себебі халық үніне үн қосатын сайлау. Жалпы халықтың алдында әкімнің жауапкершілігін арттырып, мемлекет пен қоғамды жақындастыра түседі. Себебі биліктің қайнар көзі халық қой. Сондықтан ауыл халқының 95 пайызы белсенді қатысады. 22 сайлаушымыз үйден дауыс береді. Жағдай жасалынған, бәрі ашық түрде өтуде, - деді комиссия төрағасы. 


Жібек жолы ауылдық округі әкімдігінен 2 үміткер түсіп жатыр. 1-і Nur Otan партиясынан, 1-і «Ауыл» партиясынан. Олардың туған жылдары 1984 жылғы (мамандығы: Экономика және құқық пәнінің мұғалімі), 1988 жылғы (мамандығы: қаржы, математика). 


Бүгін ауыл әкімдерін сайлауға бақылаушы болып келдім, ешқандай заң бұзатын әрекеттер болып жатқан жоқ. Сайлау өз деңгейінде өтіп жатыр. Мұнда Ақсукенттен бұрынғы әкім түсіп жатыр, екіншісі «Ауыл» партиясынан әйел азаматша түсуде. Екі сағат ішінде біраз сайлаушы келді, тұрғындар өте белсенді, - деді Nur Otan партиясының атынан келген бақылаушы Дина Жаркенова. 

Еске сала кетсек, аймақта ең көп сайлаушы саны Келес ауданы, Абай ауыл округінде 12 655 адам тіркелген, ал ең аз сайлаушы Сарыағаш ауданы, Әлімтау ауылдық округінде 805 адам тіркелді. 

Үміткерлердің ең көп тіркелген сайлау округі – Сарыағаш ауданындағы Құркелес ауылдық округінде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы