Жібек Құламбаева ITF турнирінде жеңіске жетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандық жас теннисші Жібек Құлымбаева жұптық разрядта қытайлық Эсинь Мамен Анталияда өткен ITF сериясындағы турнирдің жеңімпазы атанды.
Бұл туралы Қазақстан Теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
19 жастағы Жібек Құлымбаева мен жұбы Эсин Ма финалдық бәсекеде ресейлік Ксения Ласкутова мен Анна Урекені 6:4, 6:2 есебімен жеңді. Грунтта өткен ойын 1 сағат 10 минутқа созылды.
Қазақстандық теннисшінің жұбы алғашқы айналымда 6:2, 6:3 есебімен жапониялық теннисшілер жұбы Нана Кавагиши мен Хонока Кобаяшиді жеңді.
Кейін қытайлық Жанху Хан мен Юсунь Лиді, содан соң хорватиялық Сильвия Нирич пен словениялық Нина Поточникті жеңген болатын.
Турнирдің жүлде қоры - 15 мың доллар.
Жібек Құлымбаева - Team Kazakhstan академиясының түлегі. Бұл оның ITF сериясындағы турнирлердегі төртінші жеңісі болып отыр.
Айта кетсек, Team Kazakhstan жобасы 2008 жылы Қазақстан Теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың бастамасын құрылған болатын.
Академия түлектерінің жеңісі - жобаның ұзақ жылдар бойы іске асырылып келе жатқан еңбегінің жемісі.