ЖИ және жұмыс: Жасанды интеллектінің дамуы әйелдер мен жастар арасында жұмыссыздықты арттыруы мүмкін – БҰҰ
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы әлемде жасанды интеллектінің дамуына байланысты жұмыссыздық көрсеткіші артатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұйымның дерегінше, әлемде жасанды интеллектінің дамуы, әсіресе Азия-Тынық мұхитында, оның ішінде Қытайда қатты серпін алып отыр.
Әлем халқының 55 пайызы тұратын Азия-Тынық мұхиты аймағы жасанды интеллект нарығындағы негізгі ойыншыға айналып отыр. Мұнда ЖИ қолданушыларының жартысынан астамы шоғырланған, сондай-ақ инновациялық компаниялардың саны жылдам өсуде. Мәселен, Қытай бүгінде осы саладағы әлемдік патенттердің шамамен 70 пайызын иеленеді, – деп жазылған БҰҰ ДБ баяндамасында.
Сондай-ақ құжатта жасанды интеллектіні тиімді пайдалану өңір елдерінің жылдық ЖІӨ өсімін қосымша 2 пайыздық тармаққа арттырып, денсаулық сақтау мен қаржы сияқты салаларда өнімділікті 5 пайызға дейін жоғарылатуы мүмкін екені көрсетілген. Тек Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің өзі алдағы 10 жылда өздерінің жиынтық жалпы ішкі өніміне шамамен 1 триллион доллар қосу мүмкіндігіне ие
Зерттеуде жасанды интеллектінің дамуы еңбек нарығына елеулі қауіп төндіретіні де айтылған. Автоматтандыру ықпалына ең алдымен жұмыс күшінің елеулі бөлігін құрайтын әйелдер мен жастар ұшырауы мүмкін. Әйелдер жиі жұмыс істейтін салаларда автоматтандыру әлеуеті басқа секторларға қарағанда екі есе жоғары. Ал 22-25 жас аралығындағы жастар қазірдің өзінде жұмысқа орналасуда қиындық көріп отыр.