ЖИ саласындағы серіктестік: Президент инвесторлармен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект көшбасшыларымен бірқатар кездесу өткізді.
Мемлекет басшысы Sinovation Ventures және 01ai компанияларының бас директоры Ли Кай Фуды қабылдады.
Әңгімелесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Кай Фудың Қазақстанда жоғары технологиялардың дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Бизнесмен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысына белсенді түрде атсалысып келеді және Мемлекет басшысының штаттан тыс кеңесшісі.
Президент еліміздің жасанды интеллект саласында тиімді әрі нақты нәтижеге бағдарланған серіктестік құруға ниетті екенін айтты.
Бұл ретте 01ai және Sinovation Ventures компанияларымен бірқатар бағытта ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Нақты айтқанда, Қазақстанда озық білім беру бастамалары мен жобаларды іске асыру, орнықты технологиялық экожүйе қалыптастыру бағыттарының келешегі зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев мен Ли Кай Фу өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады.
Мемлекет басшысы Dubai World Trade Center атқарушы вице-президенті Трикси Лохмирмандты қабылдады.
Кездесу барысында Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту және халықаралық технологиялық платформалар аясындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.
Президент Қазақстан алдағы үш жылда толық цифрлық мемлекетке айналу жөнінде өршіл мақсат қойғанына назар аударды.
Алматыда өтіп жатқан Орталық Азиядағы алғашқы GITEX AI Central Asia & Caucasus форумы осы стратегиялық бағдардың айқын мысалы саналады және еліміздің жаһандық технологиялық күн тәртібін қалыптастыру ісіне атсалысуға дайын екенін көрсетеді.
Кездесуде Алматының технологиялық хаб ретіндегі рөліне айрықша мән берілді. Бұл қалада еліміздегі IT-компаниялардың үштен бірі шоғырланған. Дамыған экожүйе құрамында белсенді стартаптар, инвесторлар мен халықаралық ойыншылар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев Трикси Лохмирмандтың GITEX AI Central Asia & Caucasus форумын халықаралық деңгейде ілгерілетуге сіңірген еңбегін жоғары бағалады.
Dubai World Trade Center атқарушы вице-президенті аталған алаң технологиялық нарықтың негізгі қатысушыларының басын қосып, жаңа серіктестіктер табуға жол ашатынын атап өтті.
Әңгімелесу барысында GITEX AI Central Asia & Caucasus алаңын Орталық Азияда жыл сайын ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстанда басқа да өңірлік ауқымдағы іс-шаралар өткізу мүмкіндіктері қарастырылды.
Мемлекет басшысы Presight AI басқарма төрағасы Томас Прамотедхамды қабылдады.
Президент мейманға ілтипат көрсетіп, Presight AI компаниясымен ынтымақтастық жоғары деңгейде екенін атап өтті. Сондай-ақ кәсіпорынның еліміздегі жасанды интеллект саласындағы шешімдерді дамытуға зор үлес қосып келе жатқанына ризашылық білдірді.
Мемлекет басшысы нақты бастамаларды іске асыру арқылы серіктестікті одан әрі кеңейтуге айтарлықтай әлеует бар екеніне тоқталды.
Томас Прамотедхам Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанын айтты. Бұл – жасанды интеллект, есептеуіш қуат пен цифрлық сервис инфрақұрылымын дамытуды көздейтін арнайы экожүйе.
Сонымен қатар Smart City бастамасына айрықша назар аударылды. Мемлекет басшысы компанияның осыған дейін Астанада жүзеге асырған жобасы оң нәтиже көрсетіп, халықтың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізгенін жеткізді. Бұл ретте аталған шешімді Алматы қаласына енгізу перспективасы қарастырылды.
Президент Smart City жобасын жүзеге асыруға және екіжақты ықпалдастықты дамытуға үлес қосқаны үшін Томас Прамотедхамды ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.