1 Сәуір 2025 2025, 16:52 Фото: Айна Задабектің жеке мұрағатынан

"ЖИ – құрал, жауапкершілік адамда": Айна Задабек медиада ЖИ-ді сынақтан өткізудің артықшылығын атады

2025 жылдың сәуір айының басында "Qazcontent" АҚ медиасалада жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға бағытталған бір күндік эксперимент жүргізді.

2025 жылдың сәуір айының басында "Qazcontent" АҚ медиасалада жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға бағытталған бір күндік эксперимент жүргізді. Бұл жобада компания құрамындағы ақпарат агенттіктері ЖИ-ді иллюстрациялар жасау және жаңалық мәтіндерін өңдеу үшін қолданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Эксперимент Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру жөніндегі бастамасын қолдау мақсатында жүзеге асырылды. Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда ЖИ-ды барлық салаға енгізудің маңызын атап өткен болатын.

Жасанды интеллект медиасапаны арттыруға ықпал етеді. Рутиналық міндеттерді автоматтандыру журналистердің шығармашылыққа көңіл бөлуіне жол ашады, - деді "Qazcontent" төрағасы Айна Задабек.

Компания өкілдерінің айтуынша, ЖИ медиасаланың дамуына серпін беріп, терең талдауға негізделген материалдар жасауға мүмкіндік береді. Жоба тиімділігін көрсетті, енді "Qazcontent" ЖИ-ді өзге де медиажобаларға енгізуді жоспарлап отыр.

Медиа саласында жасанды интеллектінің алатын орны жайлы "Qazcontent" АҚ төрағасы Айна Задабекпен сұхбаттасқан едік.

– Бұл идея қалай пайда болды?

ЖИ-дің дамуын біз сырттай бақылап қана қоймай, оны тәжірибеде қолдануға бел будық. El.kz – цифрлық платформа, сондықтан біз осы мүмкіндікті алғаш болып сынап көргіміз келді. Бүгінгі жоба — соның нақты нәтижесі.

– Бұл жаңалықтарды адам жазған жоқ па сонда?

Жоқ, бүгінгі жаңалықтардың мәтіні, аудармасы толықтай ЖИ арқылы жасалды. Адам тарапынан тек финалдық бақылау ғана болды. Бұл — технологияның нақты мүмкіндігін көрсету үшін жасалған тәжірибе.

– ЖИ қателеспей ме? Қауіп жоқ па?

Қате болуы мүмкін, сондықтан барлық контент редактордың тексеруінен өтеді. ЖИ — құрал, жауапкершілік адамда. Бастысы — біз оны тек көмекші ретінде қолданамыз, адам шығармашылығы мен жауапкершілігі бәрібір басым.

– Бұл журналистерді алмастыра ма?

Жоқ. Журналист – шығармашылық тұлға. ЖИ – тек көмекші. Адамның талдауы, түйсік, кәсіби этикасы – ешқашан ЖИ-мен алмастырылмайды. Бірақ техникалық, уақыт алатын жұмысты ЖИ жеңілдетеді.

– Сіздерден кейін басқа сайттар да қолдана ма?

Иә, біз алғашқы қадамды жасадық. Енді тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз. Тіпті басқа редакцияларға арнап ашық тренингтер ұйымдастырамыз.

– Бұл тек жаңалық үшін ме, әлде басқа форматтарда да қолданыла ма?

Келешекте ЖИ бейнематериалға мәтін жазу, аудионы мәтінге айналдыру, инфографика жасау сияқты көптеген жанрда қолданылады. Біз соған дайындалып жатырмыз.

– Президент Тоқаев ЖИ туралы айтқан болатын. Осы бастамаларыңыз соған байланысты ма?

Иә. Президент бірнеше рет ЖИ-ді барлық салаға енгізу керектігін атап өтті. Біз ақпараттық саясатқа жауапты орган ретінде медиа саласындағы нақты қадамды осы жобамен бастадық.

– Журналистерге тренинг өткізу қашан басталады?

Осы көктемде басталады. Алдымен Еl.kz редакциясы ішкі оқудан өтеді. Кейін мемлекеттік және жеке БАҚ өкілдеріне арналған ашық практикумдар ұйымдастырылады.