Бүгiн 2026, 10:52 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

ЖИ енді кәсіпкерлерге бизнесті қайдан ашуға кеңес береді

AI-көмекші кәсіп ашуда аумақты талдап, бәсекені азайтып, шығынды екі есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект бұдан былай қазақстандықтарға бизнесті тиімді жүргізуге көмекші болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында мәлімдеді.

Жасанды интеллект негізінде жүргізіліп жатқан реинжиниринг кейстеріне тоқталғым келеді. Мысалы, бизнесті ашуға арналған AI-көмекші. Бұл жоба Қаржы министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұрын бір үйде немесе ауданда бір уақытта бірнеше ұқсас нысанның ашылу қаупі болатын. Мысалы, кофеханалар немесе дәріханалар. Енді кәсіпкер картадан қажетті аумақты таңдайды, ал жүйе осы локацияда кімнің тіркелгенін немесе жұмыс істеп жатқанын көрсетеді, - деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Айтуынша, жасанды интеллект бизнес ашуға неғұрлым қолайлы нұсқаларды ұсынады.

Клиенттік ағын, бәсекелестік орта және таңдалған аумақтағы тіркелген бизнес ескеріледі. Шешім бизнес ашу кезіндегі тәуекелдерді төмендетуге және артық бәсекелестікті барынша азайтуға бағытталған, - деп түсіндірді министр.

Бұл бизнесті іске қосу кезеңіндегі операциялық шығындарды 2 есеге дейін қысқартуға және бизнестің тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.