Бүгiн 2026, 16:03 Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

ЖИ мен спутник: Қазақстан су ресурстарын басқаруды қалай өзгертпек?

Министрлік ұлттық су ақпараттық жүйесін іске қосып, ирригациялық арналарды автоматтандыруды, ғарыштық мониторинг пен жасанды интеллект технологияларын енгізуді жоспарлап отыр.

Қазақстанда су ресурстарын басқару жүйесі ауқымды цифрлық трансформация кезеңіне өтті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстан бүгінде су тапшылығының артуы, климаттың өзгеруі, халық пен экономиканың суға деген сұранысының өсуі және трансшекаралық өзендерге тәуелділік сияқты күрделі сын-қатерлерге тап болып отыр. Сондықтан су ресурстарын басқаруда дәстүрлі тәсілдерден заманауи цифрлық технологияларға көшу қажеттілігі туындаған.

Вице-министрдің сөзінше, су саласын цифрландыру тек құжаттарды электронды форматқа көшірумен шектелмейді. Бұл бағыт су есебін жүргізуді, су тұтынуды болжауды, ирригациялық инфрақұрылымды автоматтандыруды, ғарыштық мониторингті, жасанды интеллектті қолдануды және салалық аналитиканы дамытуды қамтиды.

Осы жұмыстың негізгі элементтерінің бірі – Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі. Жүйе су объектілері, су қоймалары, каналдар, гидротехникалық құрылыстар, жерасты сулары мен су пайдаланушылар туралы деректерді біріктіретін бірыңғай цифрлық платформаға айналмақ.

Қазіргі уақытта жүйе өнеркәсіптік пайдалануға енгізудің соңғы кезеңінде тұр. Жақын арада барлық қажетті рәсімдер аяқталып, толық іске қосылады, – деді Аслан Абдраимов.

Сонымен қатар министрлік фермерлермен жұмысты да цифрландырып жатыр. «Қазсушар» РМК арқылы су пайдаланушылардың өтінім беруі, шарт жасасуы, шот алу, акт қалыптастыру және төлем жүргізу процестері электронды форматқа көшірілуде.

Бұл фермерлер үшін қағазбастылықты азайтып, су жеткізу мен есеп айырысудың ашықтығын арттырмақ. Ал мемлекет үшін нақты қанша су сұралғаны, қанша су берілгені және төлемдердің орындалуы жөнінде толық ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Брифинг барысында су тұтынуды ерте болжау жүйесін дамыту мәселесі де сөз болды. Жүйе су пайдаланушылардың қажеттілігін алдын ала анықтап, су ресурстарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Су ресурстарын болжау бағытында министрлік Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп, TALSIM-NG неміс гидрологиялық модельдеу жүйесін Қазақстан жағдайына бейімдеуде.

Бұл жүйе қар қорының жиналуын, қардың еруін, өзен ағынын, су қоймаларына келетін су көлемін және тасқын немесе су аз жылдардағы ықтимал сценарийлерді болжауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда TALSIM-NG моделі еліміздің сегіз ірі өзен бассейнін қамтиды. Болашақта оны барлық негізгі өзендерге енгізу жоспарланып отыр.

Министрлік TALSIM-NG жүйесін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әзірлеген Tasqyn ақпараттық жүйесімен біріктіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл тасқын қаупі туралы алдын ала ескерту мен жедел шешім қабылдау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Су шаруашылығы инфрақұрылымын автоматтандыру да басты басымдықтардың бірі саналады. Биыл елімізде 283 ирригациялық каналды автоматтандыру жоспарланған.

Оның ішінде «Қазсушар» РМК инвестициялық бағдарламасы аясында Жамбыл облысындағы 86 және Қызылорда облысындағы 2 канал автоматтандырылуда. Бұдан бөлек Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында тағы 195 канал цифрлық басқару жүйесіне көшіріледі.

Министрлік сондай-ақ жасанды интеллект пен ғарыштық мониторинг мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға ниетті.

Осы мақсатта «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясымен бірлесіп, спутниктік деректер арқылы су қоймаларының жағдайын, су ресурстарының көлемін және трансшекаралық су объектілерін бақылау жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Вице-министрдің айтуынша, жасанды интеллект технологиялары су көлемін болжауға, су шығындарын анықтауға, спутниктік суреттерді талдауға және басқарушылық шешімдер қабылдауға көмектеседі.

Сонымен бірге министрлік АҚШ, Қытай және Еуропа елдерінің тәжірибесін зерттеп, жаңа буын су мамандарын даярлауға басымдық беруде. Бұл бағытта ғылыми ұйымдармен және жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Біздің мақсат – су ресурстарын басқарудың заманауи, ашық және технологиялық жүйесін құру. Бұл жүйе тәуекелдерді алдын ала болжауға, суды тиімді пайдалануға және еліміздің су қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді, – деді Аслан Абдраимов.