ЖИ көмір қорын есептеу уақытын 10 күннен 20 минутқа дейін қысқартты
Электр беру желілерін, тіректер мен трансформаторларды тексеру жұмыстары 5-10 есе жылдамдайды.
«Самұрық-Энерго» АҚ өндірістік процестерге жасанды интеллект технологияларын енгізіп, қауіпсіздік пен энергетикалық жабдықтардың сенімділігін арттыруда. ЖИ бейнебақылау, техникалық ақауларды алдын ала анықтау, инфрақұрылымды тексеру және электр энергиясын өндіру көлемін болжау үшін қолданылады.
Компания нысандарындағы интеллектуалды бейнебақылау жүйесі еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылап, жеке қорғаныс құралдарынсыз жүрген қызметкерлер мен қауіпті әрекеттерді автоматты түрде анықтайды.
Екібастұз МАЭС-1-де машиналық оқыту технологиялары жабдықтардың жұмыс көрсеткіштерін талдап, ықтимал ақауларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Ал дрондар мен компьютерлік көру технологиялары электр беру желілерін, трансформаторларды, түтін мұржалары мен гидротехникалық құрылыстарды тексеруде қолданылады.
Жаңа технологиялардың арқасында көмір қорын есептеу уақыты 10 күннен 20 минутқа дейін қысқарды. Электр беру желілерін, тіректер мен трансформаторларды тексеру жұмыстары 5-10 есе жылдамдайды. Дрондар түтін мұржаларын тексеруді екі сағатқа дейін орындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жасанды интеллект жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемін 24-72 сағат бұрын болжауға көмектеседі. Жобаның мақсаты – болжам дәлдігін 80%-ға дейін арттырып, өндірісті жоспарлау сапасын жақсарту.
Компанияның мәліметінше, бұл шешімдер өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге, жабдықтардың сенімділігін арттыруға және энергетикалық активтерді басқару тиімділігін жақсартуға бағытталған.