15 Қыркүйек 2026, 17:27 Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

ЖИ институты, 1 ГВт дата-орталық және технология трансфері: Қазақстан Кореямен серіктестіктен не ұтады?

Қазақстан мен Оңтүстік Корея технологиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға ниетті. BAQ.KZ тілшісі Кореямен технологиялық серіктестіктің Қазақстанға нақты не беретіні, Павлодарда жоспарланған қуаты 1 ГВт-қа дейінгі деректерді өңдеу орталықтарының әлеуеті, Жасанды интеллект институтының рөлі туралы ҚҚДИ Деректер және цифрлық шешімдермен жұмыс жөніндегі орталығының директоры Әлия Қанатовамен әңгімелесті.

- Әлия ханым, Қазақстан мен Кореяның технологиялық ынтымақтастығының қазіргі әлеуетін қалай бағалайсыз? Біз үшін Кореяның тәжірибесі нақты қай бағыттарда маңызды?

Мен бұл ынтымақтастықтың әлеуетін өте жоғары бағалаймын. Корея Қазақстан үшін қызықты серіктес. Себебі ол табиғи ресурстарға сүйеніп қана қоймай, бірнеше онжылдық ішінде білімге, технологияға және адами капиталға негізделген экономика құра алды.

Бізге Кореяның дайын технологияларының өзі емес, ең алдымен оның технологиялық даму моделі қызық. Әсіресе жасанды интеллект, микроэлектроника, роботтандыру, цифрлық мемлекеттік қызметтер, Smart City және ғылыми кадрларды даярлау бағыттарындағы тәжірибесі өте құнды.

Қазақстан қазір цифрлық трансформацияның келесі кезеңіне өтіп жатыр. Сондықтан ендігі мәселе – цифрландырудың өзі емес, өзіміздің технологиялық құзыретімізді қалыптастыру. Бұл тұрғыда Кореямен бірлескен зерттеу және инженерлік орталықтар құру, технология трансферін жолға қою маңызды.

- Қазақстанда Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп алғашқы Жасанды интеллект институтын құру бастамасы айтылды. Мұндай институт елдегі ЖИ экожүйесіне нақты не бере алады?

Менің ойымша, институттың құндылығы оның атауында емес, нақты қандай функция атқаратынында болады.

Егер ол тек мамандар даярлайтын кезекті білім беру ұйымына айналса, әсері шектеулі болуы мүмкін. Ал егер ғылыми зерттеулерді, инженерлік әзірлемелерді, бизнес пен мемлекеттік секторды бір ортаға тоғыстыра алса, онда бұл өте маңызды жобаға айналады.

Қазақстанға қазір тек бағдарламашылар емес, AI зерттеушілері, инженерлер, деректермен жұмыс істейтін мамандар және жасанды интеллектіні нақты салаларға енгізе алатын кадрлар қажет.

Мысалы, тау-кен өнеркәсібінде өндірістік процестерді оңтайландыру, энергетикада болжам жасау, мемлекеттік басқаруда деректерді талдау сияқты жобалар осы институттың практикалық бағыттарының бірі бола алады.

Сондықтан мен бұл институтты Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы ғылыми және технологиялық орталығы ретінде көрер едім.

- Павлодарда қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін деректерді өңдеу орталықтарының экожүйесін құру жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы есептеу қуатының хабына айналдыру үшін жеткілікті қадам ба?

1 ГВт – өте үлкен көрсеткіш. Бірақ мен бір мәселеге ерекше назар аударғым келеді: дата-орталықтың қуаты мен елдің технологиялық хабқа айналуы – екі бөлек мәселе.

Бізге тек серверлер орналасатын ғимараттар емес, толыққанды есептеу инфрақұрылымы қажет. Оның құрамында арзан әрі тұрақты электр энергиясы, жоғары жылдамдықты байланыс, GPU инфрақұрылымы, бұлтты сервистер, киберқауіпсіздік жүйесі және осының бәрін басқаратын білікті мамандар болуы керек.

Егер Павлодардағы жоба осы экожүйемен бірге дамитын болса, Қазақстанның Орталық Азиядағы позициясын айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік бар.

Бірақ мақсат тек «ең үлкен дата-орталық салу» болмауы керек. Осы есептеу қуатын кім және қандай мақсатта пайдаланатыны маңыздырақ. Ғылым, бизнес, жасанды интеллект стартаптары мен мемлекеттік сектор осы инфрақұрылымға қол жеткізе алуы тиіс.

- Шетелдік технология мен деректер инфрақұрылымын тартқанда Қазақстан үшін цифрлық қауіпсіздік пен деректер егемендігі мәселесі қаншалықты маңызды?

Бұл мәселені технологиялық жобаның қосымша шарты ретінде емес, ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі ретінде қарастыру қажет.

Өйткені болашақ экономикада деректердің маңызы мұнай немесе басқа да табиғи ресурстардан кем болмайды. Сондықтан біз үшін деректердің қайда сақталатыны ғана емес, оларға кімнің қол жеткізе алатыны, қандай технология қолданылатыны және қандай жағдайда сыртқы провайдерге тәуелді болып қалуымыз мүмкін екені де маңызды.

Мен үш тәуекелді ерекше атап өтер едім: деректердің сыртқа кетуі, кибершабуылдарға осалдық және технологиялық тәуелділік.

Шетелдік компаниялардың келуіне, әрине, кедергі жасаудың қажеті жоқ. Керісінше, Қазақстанға инвестиция мен технология қажет. Бірақ стратегиялық деректерге қатысты нақты ережелер, қауіпсіздік талаптары және мемлекеттік бақылау болуы тиіс.

- Кореямен технологиялық серіктестік сәтті жүзеге асса, оның нәтижесін қарапайым қазақстандықтар қай салалардан бірінші болып сезінуі мүмкін?

Бірінші кезекте бұл қызмет көрсету сапасынан байқалады деп ойлаймын.

Мемлекеттік қызметтердің жылдамдауы, цифрлық сервистердің ыңғайлы болуы, медицинадағы диагностика сапасының артуы, білім беру, көлік және коммуналдық жүйелерді тиімді басқару – азаматтар күнделікті өмірде тікелей сезінетін бағыттар.

Екінші әсер еңбек нарығында байқалады. Жаңа технологиялық жобалар жаңа жұмыс орындарын ғана емес, жаңа мамандықтарды да қалыптастырады.

Бірақ мен үшін ең маңызды нәтиже басқа жерде.

Егер бес жылдан кейін Қазақстанда корей технологияларын қолданатын компаниялар ғана емес, сол технологияларды өздері әзірлейтін қазақстандық инженерлер, зерттеушілер мен стартаптар көбейсе, бұл - ынтымақтастықтың шынайы нәтижесі болады.

Өйткені технологиялық серіктестіктің ең жоғары деңгейі – дайын өнімді сатып алу емес, жаңа технологияны бірлесіп жасап, кейін оны басқа нарықтарға шығару.