28 Қазан 2026, 12:12 Фото: Ақорда

ЖИ-ге негізделген цифрлық экономика құруымыз қажет – Мемлекет басшысы Жолдауда Үкіметке бірқатар тапсырма берді

Қазақстанда Digital Qazaqstan стратегиясы аясында цифрлық инфрақұрылым дамып жатыр, алайда Мемлекет басшысы нақты нәтижеге басымдық беруді тапсырды.

Қазақстан цифрлық экономиканы қалыптастыру үшін суперкомпьютерлерді іске қосып, деректерді өңдеу орталықтарын салуға кірісті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру қымбат бағдарламаларды сатып алумен шектелмей, халықтың әл-ауқаты мен ел экономикасына нақты пайда әкелуі керегін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан цифрлық экономика құруға міндетті. Бұл – сөзсіз атқарылуға тиіс міндет. Біз мүмкіндігімізді шынайы бағалай отырып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін жаңа технологиялардың барлық озық мүмкіндігін пайдалануымыз керек. Digital Qazaqstan кешенді стратегиясын іске асыруға қажетті негізгі инфрақұрылымның құрылысы басталды. Екі суперкомпьютер іске қосылды, ал жыл соңына дейін қуатты үшінші суперкомпьютер пайдалануға беріледі. Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тарту жұмысы аяқталды, деректерді өңдеу орталықтары салынып жатыр. Бұл – елімізді цифрлық тұрғыдан трансформациялау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана. Біз жаңа технологиялық даму кезеңіне бастайтын ұзақ жолдың басында тұрмыз, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Айтуынша, заман ағымынан қалмау үшін нақты нәтижеге қол жеткізуге баса мән беру қажет.

Алайда әзірге ісімізден гөрі сөзіміз көп екенін мойындауымыз керек. Кейде нақты цифрландырудың орнына қолданыстағы үдерістерді автоматтандырумен немесе түрлі іс-шаралар өткізумен шектеліп жатамыз. Цифрландыру дегеніміз – практикалық пайдасын түсінбей, қымбат бағдарламалық өнімдерді сатып алумен шектелу емес. Біз жасанды интеллектіні коммерцияландыру, активтерді токенизациялау, блокчейн технологиялары мен цифрлық платформалық экожүйелерді дамыту жұмыстарына енді ғана кірістік. Экономикада цифрландыру мүмкіндіктерін іс жүзінде пайдалануға арналған арнайы бағдарлама әзірлеу қажет, - деді Президент.

Сонымен қатар ол қазір миллиондаған азаматымыз маркетплейстерді, тамақ жеткізу және такси шақыру сервистерін, сондай-ақ басқа да көптеген қызмет түрін күнделікті пайдаланатынына тоқталды. Соның ішінде банк қызметтері бойынша Қазақстан, мойындау керек, озық деп саналатын көптеген елден де алда келеді.

Дегенмен, мұнымен шектеліп қалмай, одан әрі дамуымыз керек. Бізде жоғары өнімді цифрлық экономиканы дамытуға қуатты серпін беретін барлық мүмкіндік бар. Жастарымыз білімді әрі креативті, елімізде интернет қолжетімді, цифрлық инфрақұрылым жақсы дамыған.Қазір кез келген азамат бірнеше минуттың ішінде банк шотын ашып, бөліп төлеуге рәсімдеп немесе үйден шықпай-ақ тауар сатып ала алады. Цифрландырудың келесі кезеңінде қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етумен шектелмей, әр адамның мүмкіндігін кеңейтуге көшуіміз керек, - дейді Президент.

Мемлекет басшысы бұл үшін қалыптасқан көзқарасты өзгертіп, алдымыздағы міндеттерге басқа қырынан қарау қажеттігін атады.

Біздің мақсатымыз – шын мәнінде халыққа қызмет ететін цифрлық экономика құру. Қоғам интернетті тек тұтыну мен көңіл көтеру ортасы ретінде емес, жасампаздық пен еңбекке жол ашатын виртуалды кеңістік ретінде қабылдауы керек. Смартфондар азаматтарымыз үшін уақыт өткізетін қымбат ойыншық қана емес, тиімді жұмыс құралына айналуы тиіс. Сондықтан Үкімет жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастырады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.