22 Тамыз 2026, 12:40 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

ЖИ, deepfake және сайлау: Түркі мемлекеттері 8 ортақ қағидат әзірледі

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің орталық сайлау органдары сайлау процесінде жасанды интеллект пен deepfake технологияларын пайдаланудан туындайтын қауіптерге қарсы ортақ тәсіл қалыптастырып жатыр. Осы мақсатта сегіз негізгі қағидат ұсынылды. Бұл туралы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің орталық сайлау органдары консультативтік платформасының жұмыс отырысында Орталық сайлау комиссиясының өкілі Ләззат Сүйіндік айтты.

Оның сөзінше, сайлау процесінде deepfake технологияларын пайдалану бүгінде бір елдің ғана емес, бірнеше мемлекеттің алдында тұрған ортақ мәселеге айналған. Сондықтан жаңа ақпараттық қауіптерге қарсы күресте тәжірибе мен ақпарат алмасудың маңызы артып отыр.

Ортақ құндылықтарымыз бен өзара тәжірибе алмасуымыз сайлау процестерінің ашықтығы мен тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Өздеріңізге белгілі, сайлау процесінде deepfake технологияларын пайдалану бүгінде өзекті мәселеге айналды. Осындай жағдайда мемлекеттер арасында тәжірибе алмасу және жаңа ақпараттық қауіптерге қарсы іс-қимылдың тиімді тәсілдерін бірлесе іздеу ерекше маңызды, – деді Ләззат Сүйіндік.

Осы бағытта 2026 жылы deepfake технологияларының сайлау саласына ықпалына арналған арнайы жұмыс тобының алғашқы отырысы өткен. Оған консультативтік платформаға мүше елдердің өкілдері қатысып, жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылдың ұлттық тәжірибесін, сондай-ақ жасанды интеллектіні сайлау процесінде пайдаланудың құқықтық және практикалық мәселелерін талқылаған.

Жұмыс тобының қорытындысы бойынша сайлау саласындағы жасанды интеллект пен deepfake тәуекелдерін азайтуға бағытталған сегіз қағидат әзірленді.

Бірінші – заңдылық қағидаты. Жасанды интеллект технологияларын қолдануға байланысты тәуекелдердің алдын алу және оларды азайту жөніндегі шаралар әр мемлекеттің ұлттық заңнамасы аясында жүргізілуі тиіс.

Екінші – электоралдық ақпараттың сенімділігі. Орталық сайлау органдары ресми ақпараттың қай арна арқылы таратылатынын азаматтарға алдын ала түсіндіруі қажет. Бұл сайлаушыларға ресми мәлімет пен жалған контентті ажыратуға мүмкіндік береді.

Үшінші – жасанды интеллектіні пайдаланудың ашықтығы. Егер ұлттық заңнамада синтетикалық контентті таңбалау немесе сайлау науқанында жасанды интеллект қолданылғанын көрсету талабы болса, сайлау процесіне қатысушылар бұл талаптарды сақтауы керек.

Төртінші – жеке тұлғаның құқықтарын қорғау. Жасанды интеллектіні қолдану кезінде адамның бейнесі, дауысы, жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығы мен дербес деректері заң талаптарына сәйкес қорғалуы тиіс.

Бесінші – өкілеттіктерді нақты бөлу. Deepfake немесе жасанды интеллект қолданылған жағдайларға құқықтық баға беру, заңбұзушылықты анықтау және шара қабылдау тиісті уәкілетті органдардың құзыреті шеңберінде жүргізілуі қажет.

Алтыншы – ынтымақтастық. Түркі мемлекеттерінің сайлау органдары жасанды интеллектіден туындайтын қауіптер жөніндегі ақпаратпен, тәжірибемен және үздік практикалармен тұрақты түрде алмасуды жалғастыруы ұсынылады.

Жетінші – қоғамды ақпараттандыру. Бұл бағытта азаматтардың медиасауатын арттыруға, синтетикалық контентті тану дағдыларын дамытуға және ресми ақпарат көздерін дұрыс пайдалануға басымдық беріледі.

Сегізінші – теңгерімділік. Deepfake пен жасанды интеллект тәуекелдерін шектеу шаралары қажетті әрі негізді болуы керек. Сонымен қатар жалған ақпаратпен күрес кезінде пікір білдіру еркіндігі мен сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары сақталуы тиіс.

Жасанды интеллект технологияларын пайдалануға байланысты тәуекелдердің алдын алу және оларды барынша азайту шаралары қажетті, негізделген әрі көзделген мақсаттарға сай пропорционалды болуы тиіс. Бұл ретте электоралдық ақпараттың шынайылығын қорғау, пікір білдіру еркіндігі және сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары арасындағы теңгерім қамтамасыз етілуі қажет, – деді ОСК өкілі.

ОСК өз жасанды интеллект ассистентін іске қосты

Сонымен бірге Орталық сайлау комиссиясы сайлау заңнамасына қатысты ақпаратты жедел іздеуге арналған жеке жасанды интеллект ассистентін іске қосқан.

Орталық сайлау комиссиясы өзінің материалдары негізінде әзірленген жеке жасанды интеллект ассистентін іске қосты. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясы, сайлау және референдум саласындағы заңнама мен өзге де құжаттар бойынша ақпаратты мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жедел іздеуге және ұсынуға арналған, – деді ОСК өкілі.

Ассистент қазір жұмыс режимінде қолданылып отыр. Ол азаматтар мен мамандардың сұрауларын өңдеп, қажетті құқықтық ақпаратты іздеу процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді.

ОСК өкілдерінің пікірінше, Құрылтай депутаттарын сайлау барысында жинақталған тәжірибе Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің алдағы жұмысына да негіз болмақ. Әсіресе deepfake, жалған ақпарат және жасанды интеллектіні сайлау процесінде пайдалану мәселелері бойынша мемлекетаралық тәжірибе алмасуға басымдық беріледі.

Осы қағидаттар жобасын одан әрі өзара іс-қимыл мен практикалық тәжірибе алмасудың негізі ретінде қабылдап, жұмыс барысында пайдалануды ұсынамыз. Мұндай тәсіл ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, жаңа технологиялық сын-қатерлерді уақтылы, ашық әрі мазмұнды талқылауға мүмкіндік беретін кәсіби өзара сенім кеңістігін қалыптастырады деп сенеміз, – деді Ләззат Сүйіндік.