ЖИ дәуірі: Деректер неге елде қалуы керек?
Қазақстан деректері сыртқа кетіп жатыр ма? – сарапшы түсіндірді. Қазақстанда киберқауіптердің артуына байланысты деректерді қорғау мәселесі барған сайын өзекті бола түсуде.
Тек 2025 жылдың өзінде елде жеке деректердің 40-тан астам ірі таралу дерегі тіркеліп, киберқылмыстардан келген шығын 16,4 млрд теңгеге жеткен. Осы жағдай аясында деректерді ел ішінде сақтау мәселесі тек IT саласының күн тәртібімен шектелмей, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды элементіне айналып отыр.
BAQ.KZ тілшісі деректерді шетелде сақтаудың қандай тәуекелдері бар екенін және локализацияны цифрлық егемендіктің кепілі деп санауға бола ма деген сұрақтарға жауап іздеді.
TSARKA Group бас директорының орынбасары Руслан Тұрғұлдиновтың айтуынша, деректерді локализациялау өз алдына мәселені толық шешпейді.
Деректерді локализациялауды цифрлық егемендіктің толық кепілі деуге болмайды. Иә, ол бақылаудың базалық деңгейін – юрисдикциялық және операциялық тұрғыда қамтамасыз етеді. Бірақ бұл сыртқы технологияларға тәуелділік мәселесін түбегейлі шешпейді. Егер деректер ел ішінде сақталғанымен, шетелдік бұлттық сервистер, бағдарламалық қамтамасыз ету немесе жабдықтар пайдаланылса, нақты бақылау бәрібір шектеулі болып қалады, – деді Руслан Тұрғұлдинов.
Сарапшының сөзінше, цифрлық егемендік тек мемлекет өз технологиялық мүмкіндіктеріне ие болған жағдайда ғана басталады.
Негізгі мәселе – деректер тек ел ішінде физикалық тұрғыда сақталып қана қоймай, отандық инфрақұрылым, бағдарламалық шешімдер мен жабдықтар арқылы өңделуі тиіс. Әйтпесе сыртқы ойыншыларға тәуелділік сақталады, – деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайда тәуекелдер күшейіп отыр: халықаралық IT-компаниялар кез келген сәтте технологияларға қолжетімділікті шектеуі немесе нарықтан кетуі мүмкін.
Жаһандық вендорлардың стратегиясын өзгертіп, өнімдерге қолжетімділікті шектеуі немесе толықтай нарықтан кетуі мүмкін екенін көріп отырмыз. Егер бұл сыни инфрақұрылымға қатысты болса, тікелей қауіп тудырады – деректер қолжетімсіз болып, жүйелер осал күйге түсуі мүмкін, – дейді компания өкілі.
Осыған байланысты, оның пікірінше, Қазақстан деректерді локализациялаумен қатар, өз технологиялық шешімдерін дамытуы қажет.
Қазір негізгі міндет – деректерді ел ішінде сақтау ғана емес, сонымен бірге өз шешімдерімізді дамытуға, әсіресе киберқауіпсіздік пен инфрақұрылымды басқару саласына инвестиция салу. Отандық өнімдерді пайдалану ұлттық тұрақтылықтың бір бөлігіне айналуы тиіс, – деді Руслан Тұрғұлдинов.
Ол Қазақстанда бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын да атап өтті.
Біз TSARKA аясында тек компанияны емес, жалпы саланы дамытуға күш салып жатырмыз – қорғалған смартфон, security-токен, инфрақұрылымды басқару платформасы және қауіптерді талдау жүйелері сияқты өз өнімдерімізді әзірлеудеміз, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, келесі маңызды қадам – заңнамалық базаны күшейту.
Сыни ақпараттық инфрақұрылым үшін басқару және қорғау жүйелерін кезең-кезеңімен отандық шешімдерге көшіру қажет. Бұл формалды емес, нақты цифрлық егемендікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Сонымен қатар Тұрғұлдинов деректерді шетелде сақтаудың тәуекелдеріне де тоқталды.
Мемлекеттік, қаржылық және медициналық сервистер азаматтардың деректеріне қаншалықты тәуелді болса, оларды бақылаудан айырылу қаупі де соншалықты жоғары. Шетелде сақтау негізгі үш тәуекелді тудырады: қолжетімділікті бақылаудың әлсіреуі, шетелдік юрисдикцияға тәуелділік және инциденттерді тергеудегі қиындықтар, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, кибершабуыл немесе деректердің таралуы жағдайында елден тыс инфрақұрылымға қол жеткізу шектелуі мүмкін, бұл жедел әрекет етуді қиындатады.
Осылайша, деректерді ел ішінде сақтау мәселесі техникалық міндеттен әлдеқайда ауқымды болып, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің цифрлық тәуелсіздігінің маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр.