ЖИ бизнеске салық есебін дербес әрі онлайн жүргізуге көмектеседі
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген кеңесте салықтық және кедендік әкімшілендіру жүйелерін цифрландыру жөніндегі жұмыстардың барысы тыңдалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың дерегі бойынша, қазіргі уақытта фискалдық органдардың ақпараттық жүйелеріне қажетті деректерді беру үшін Smart Data Finance, СӘАЖ және Keden салықтық ақпараттық жүйелерін алты мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграциялау жалғасуда. Жаңа Салық кодексінің қолданысқа енгізілуіне дейін жаңа салық жүйесін енгізу бойынша барлық тестілік және басқа да қажетті рәсімдерді бітіріп үлгеру үшін барлық интеграциялық жұмысты мүмкіндігінше тезірек тиянақтау қажет. Кеңесте толыққанды интеграцияға кедергі келтіретін барлық мәселе қаралды, оның қорытындысы бойынша вице-премьер мемлекеттік органдарға барлық рәсімдік мәселені наурыз айының соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Бұдан басқа, Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесінің (СӘАЖ) АЖ базасында Қаржы министрлігі ЦДИАӨМ-мен бірлесіп салық төлеушілерге қызмет көрсетудің проактивті сервистік моделін құрады. СӘАЖ-дағы салық төлеушінің жеке кабинеті салық төлеушілерге қызметтерді алуға және есептілікті қашықтан тапсыруға, декларацияларды кезең-кезеңімен, анықтамалармен және деректерді тексерумен толтыруға мүмкіндік береді. Жүйе екіжақты байланысты қамтамасыз етеді: мемлекеттік кіріс органының хабарламасына жауап беруге және салық органына бармай-ақ құжаттарды жүктеуге болады.