ЖИ автокөлік өндірісіндегі ақаулар санын 39%-ға азайтты – Нағаспаев
Жасанды интеллект ақауларды азайтып, өндірістегі штаттан тыс жағдайларды 8 секундта анықтауға мүмкіндік берді.
Автомобиль өнеркәсібінде жасанды интеллектіні қолдану ақаулар санын 39%-ға азайтып, өндірістік желідегі штаттан тыс жағдайларды сегіз секунд ішінде анықтауға мүмкіндік берді. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, жасанды интеллект өндірістің барлық кезеңінде – логистикадан бастап сапаны бақылауға дейін қолданылады.
Нақты нәтиже – ақаулар саны 39%-ға азайды, ал өндірістік желідегі штаттан тыс жағдайлар сегіз секунд ішінде анықталады, – деді Нағаспаев.
Цифрлық шешімдер бір өндірістік желіде қайта баптауға тоқтамай-ақ, автомобильдердің бірнеше бренді мен моделін шығаруға мүмкіндік береді. Осылайша, сала жекелеген операцияларды автоматтандырудан интеллектуалды өндіріске көшіп жатыр, – деп атап өтті министр.
Нағаспаевтың айтуынша, өнеркәсіптің цифрлық трансформациясы Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру аясында жүргізіліп жатыр. 2028 жылға дейін салада еңбек өнімділігін жыл сайын 7%-ға арттыру, роботтандыруды дамыту, кемінде бес отандық интегратор мен үш құзырет орталығын құру жоспарланған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда кемінде 10 салалық деректер қоры құрылады.