Бүгiн 2026, 10:00
Фото: «Большая семья KZ» ЖШС кәсіпорны
Жезқазғандағы жаңа технология: 80% дайын нанды үйде 10 минутта пісіруге болады
Цех қала тұрғындары мен көршілес Сәтбаев қаласына жақсы таныс.
Жезқазғанда үй жағдайында небәрі 10 минутта пісіріп алуға болатын жаңа піскен нан өндірісі жолға қойылған. «Большая семья KZ» ЖШС кәсіпорнында Еуропада кең таралған жартылай пісірілген нан технологиясы енгізілген. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне кәсіп иесінің орынбасары Инна Шульц айтып берді.
Бұрынғы иелерден жаңа даму кезеңіне
Жезқазғандағы нан-тоқаш цехы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді және қала тұрғындары мен көршілес Сәтбаев қаласына кеңінен танымал. Алайда қазіргі иелері кәсіпорынды жақында ғана сатып алып, қалыптасқан брендті сақтай отырып, өндірісті әрі қарай дамытуға кіріскен.
Инна Шульцтің айтуынша, кәсіпорында нан өндірісі 2017 жылдың тамыз айынан басталғанымен, қазіргі команда бұл бизнесті 2025 жылдан бері басқарып келеді.
Нан және нан-тоқаш өнімдерін шығаратын цех 2017 жылдың тамызынан бері жұмыс істеп келеді. Алғаш осы істі бастап, өндірісті кеңейткендер – Сергей мен Марина Глушковтар. 2025 жылдың наурыз айында біз дайын бизнесті сатып алдық, сол кезден бастап нан-тоқаш бағыты біздің қарамағымызға өтті, - деді Инна Шульц.
Оның айтуынша, кәсіпорын нарықта өз орнын қалыптастырып үлгерген. Сондықтан жаңа басшылықтың басты міндеті – өндірісті одан әрі дамыту және ассортиментті жаңарту.
Еуропадан келген технология
Кәсіпорында өнім түрлерін үнемі жаңартып, нан пісіру саласындағы заманауи үрдістерді ескеруге тырысады. Ол үшін компания өкілдері халықаралық көрмелерге қатысып, түрлі оқыту бағдарламалары арқылы шетелдік тәжірибені зерделейді.
Басшы орынбасарының сөзінше, уақыт өте келе кейбір өнімдер ассортименттен алынып тасталып, олардың орнына жаңа түрлері енгізіледі.
Біз заман ағымынан қалмай, тұтынушыға бағдарланған болуға тырысамыз. Көрмелерге барып, оқимыз, басқа елдерде қандай өнімдер сұранысқа ие екенін зерттейміз. Содан кейін соны өзімізде енгізуге ұмтыламыз. Ассортимент біртіндеп жаңарып отырады: сұранысқа ие емес өнімдер алынып тасталып, жаңалары қосылады, - деді Инна Шульц.
Кәсіпорындағы жаңашылдықтардың бірі – Еуропадан әкелінген жартылай пісірілген нан технологиясы. Оның ерекшелігі – өнім өндірісте шамамен 80 пайызға дейін пісіріліп, кейін мұздатылады. Ал тұтынушы оны үйінде толық пісіріп ала алады.
Өткен жылы Германияда болып, жартылай пісірілген нан технологиясын алып келдім. Нан шамамен 80 пайызға дейін пісіріледі, кейін мұздатылады. Тұтынушы оны мұздатқышта сақтап, қажет кезде пешке он минутқа салып пісіреді. Нәтижесінде жаңа піскен, қытырлақ нан немесе тоқаш дайын болады. Германияда бұл өте кең таралған. Үйде бірден наубайхананың иісі шыққаны ерекше әсер қалдырады, - деді ол.
Фото: «Большая семья KZ» ЖШС кәсіпорны
Күніне 4 мыңға дейін өнім
Қазіргі таңда кәсіпорын наннан бастап дайын жеңіл тағамдарға дейін түрлі өнімдер шығарады. Әсіресе хот-дог, гамбургер және сэндвичтер тұтынушылар арасында сұранысқа ие.
Инна Шульцтің айтуынша, өнімге деген сұраныс тұрақты түрде өсіп келеді, ал өндіріс көлемі жаз мезгілінде де төмендемейді.
Біздің хот-дог, гамбургер, түрлі сэндвич өнімдеріміз жақсы өтеді. Өнім көлемі, шүкір, жыл сайын артып келеді. Әдетте жазда оқушылар мен студенттердің демалысына байланысты аздап төмендеу байқалатын, бірақ өткен жылы ондай құлдырау болмады. Бұл – тұтынушыларға өніміміз ұнайтынын көрсетеді, - деді ол.
Орта есеппен кәсіпорын күніне бірнеше мың өнім шығарады.
Күн сайын біз 3-4 мыңға дейін нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер шығарамыз. Бұл – орташа көрсеткіш. Оның ішінде нан да, тәтті өнімдер де, басқа да тағамдар бар. Біз сапаны тұрақты ұстап, тұтынушылардың көңілінен шығуға тырысамыз, - деді Инна Шульц.
Фото: «Большая семья KZ» ЖШС кәсіпорны
Компанияда бүгінде 38 қызметкер жұмыс істейді.
Кәсіпорында әрқайсысы өз бағытына жауапты бірнеше ондаған адам еңбек етеді. Бірі нан пісірумен айналысса, енді бірі кондитерлік өнімдер дайындайды, тағы бір бөлігі дайын тағамдарды әзірлейді.
Жалпы саны – 38 адам. Соның ішінде нан бағыты бойынша сегіз адам еңбек етеді. Кондитерлер бар, гамбургер мен хот-дог дайындайтын қызметкерлер бар, қуырылған тағамдармен айналысатындар бар, бөлек пирог жасайтын маман бар. Сонымен қатар торт, круассан және түрлі десерт дайындайтын қызметкерлер де бар, - деді Инна Шульц.
Алдағы уақытта кәсіпорын өндірісті кеңейтіп, өңірден тыс нарыққа шығуды жоспарлап отыр. Алайда ол үшін қосымша жабдықтар мен жұмыс күші қажет.
Фото: «Большая семья KZ» ЖШС кәсіпорны
Біз өңірден тыс жерлерге шығуды қалаймыз. Бірақ оған қосымша пештер, құрал-жабдықтар және мамандар қажет. Қазіргі таңда кәсіпорынға қаржылық жүктеме жоғары, сондықтан жаңа жабдық сатып алу мүмкіндігі шектеулі, - деді ол.
Оның айтуынша, өндіріс кеңейсе, жаңа жұмыс орындары ашылып, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік туады.
Егер өндірісті кеңейтуге мүмкіндік болса, біз жұмыс орындарын көбейтіп, өнімімізді еліміздің басқа өңірлеріне де жеткізер едік. Біздің мақсат – адамдар біздің өнімді танып, тұтынып, оның танымалдылығының артуы, - деп қорытындылады Инна Шульц.