Жезқазғанда «ЭКО әулет» акциясы кезінде қарағай мен үйеңкі отырғызылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жезқазған Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері мен қала тұрғындары Наурыз саябағында өткен демалыс күндері 50-ге жуық қарағай мен үйеңкі отырғызды. 

Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі харлады.

Жасыл желектерді отырғызу «ЭКО әулет» акциясы аясында ұйымдастырылды.

Біздің акцияның мақсаты – қаланы көгалдандыру және Жезқазған тұрғындарын осы игі іске тарту. Акция 9 сәуірде Наурыз саябағында өтті. Оған 50-ден астам адам қатысты. Біз 28 қарағай мен 20-ға жуық үйеңкі отырғыздық, – деді Жезқазғанның іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Айман Исина.

Акцияға қатысушылар апта сайын су құйып, көшеттерді күтпекші. Олар күзде де осынша ағаш отырғызғысы келеді.

Көшеттерді сатқан жеткізушінің өзі бізге отырғызу кезінде көмек көрсетті. Ол ағаштарды қалай дұрыс суару және баптау керектігін түсіндірді. Біздің акцияға қала тұрғындары да қосылғанына қуаныштымыз. Көбісі отбасыларымен бірге келді. Біздің қала жылдар өте келе нағыз жасыл оазиске айналады деп үміттенеміз, – деп бөлісті акцияға қатысушылар.

Іс-шараға қала әкімі Қайрат Әбсаттаров та қатысты. Оның бастауымен Іскер әйелдер қауымдастығы ағаш отырғызу челленджін қаланың басқа ірі ұйымдары мен кәсіпорындарына тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы