26 Қыркүйек 2026, 21:00 Фото: ҚТЖ

Жезқазған вокзалының аумағы жаңғыртудан кейін төрт есеге ұлғайды

Жезқазғанда теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.

Ұлытау облысының Жезқазған қаласында 1941 жылы салынған теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жаңартудан кейін вокзалдың аумағы төрт еседен астам ұлғайып, 582 шаршы метрден 2 540 шаршы метрге жетті. Ғимаратта жолаушыларға қолайлы жағдай жасалып, инфрақұрылым жаңартылды.

Қайта жаңғырту барысында жаңа көтергіш қаңқа, қабырғалар мен жабындар салынды, шатыр толық ауыстырылды. Инженерлік желілер жаңартылып, жаңа терезелер мен витраждар орнатылды, қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңарды. Ғимаратта заманауи жылыту, сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау және байланыс жүйелері қарастырылған. Жолаушыларға арналған залдар мен қоғамдық аумақтар да жаңартылды.

Вокзалға іргелес аумақ абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолына брусчатка төселді. Қалқа мен жолаушылар платформасы жаңартылды. Жаңа жиһаз, қажетті жабдықтар мен қоршаулар орнатылып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес қосымша эвакуациялық шығу жолдары жасалды.

Қайта жаңғыртудан кейін вокзал бір мезетте 441 адамға дейін қызмет көрсете алады. Станциядағы тәуліктік орташа жолаушылар ағыны шамамен 1 907 адамды құрайды.

Жезқазған станциясы арқылы қаланы Алматы, Астана, Павлодар, Қызылорда және Қарағандымен байланыстыратын 12 пойыз өтеді.

Қайта жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді. Жоба «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Көлік министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның және Ұлытау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.