Жезқазғанда дағдарыс орталығы ашылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жезқазғанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы ашылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Қала әкімі Қайрат Әбсаттаров өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен онлайн-кеңесте 2021 жылға арналған жоспарлар туралы айтып берді.
Оның айтуынша, Жезқазғанда әлеуметтік әл-ауқат пен жайлылық деңгейін арттыру үшін бірқатар жобалар жүзеге асырылады. Екі мектеп пен екі балабақшаны күрделі жөндеуге, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығын ашуға қаражат көзделген. Теректі станциясында жаңа мектеп салынуда, нысанды қыркүйекке дейін тапсыруға уәде берілді. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланған.
Қалада сумен жабдықтауды жақсарту, жылу желілерін қайта құру бойынша жобалар іске асырылуда. Екінші тоқсанда Талап ауылы мен Қабанбай батыр шағын ауданындағы үйлердің бірінші кезегін орталықтандырылған газбен жабдықтауға қосу күтілуде.
Жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру және көгалдандыру жалғасады. Қайрат Әбсаттаров хабарлағандай, биыл 50 балалар алаңын салу жоспарлануда.
Тұрғын үй құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша және жеке инвестициялар есебінен жүргізілуде. Биыл Жезқазғанда бес көпқабатты үйді пайдалануға беру жоспарланған.
Қаланың апатты және ескі үйлерінен тұрғындарды көшіруге тиісті назар аудару керек. Биыл алғашқы 25 көпқабатты апатты үйлердің тұрғындары көшіріледі, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Онлайн-кеңесте Сәтбаевты дамыту жөніндегі жоспарлар да талқыланды. Қала әкімі Асқар Ыдырысов биыл 320 орындық балабақша мен Оқушылар сарайының құрылысы аяқталуы тиіс екенін айтты.