МСҚ жеткізуші мекемелер мен медицина қызметкерлеріне 44 млрд теңге төледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "МӘМС жүйесінің коронавирус инфекциясымен күресудегі үлесі" тақырыбында өткен онлайн брифинг кезінде "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" басқарма төрағасы Болат Төкежанов айтты.
Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесінің барлық ресурсы коронавирус пен пневмонияға қарсы күрес шараларына бағытталды. Медициналық ұйымдар шұғыл түрде қайта бейімделді. Мыңдаған медицина қызметкері еліміздің ауруханалары мен емханаларында тәулік бойы вахталық жұмысқа ауысты. Осы инфекцияны емдеу және індеттің алдын алу шараларын қаржыландыру ісіне Медициналық сақтандыру қоры жауапты болды. Қор медициналық көмек пен инфрақұрылымды ұйымдастыратын Денсаулық сақтау министрлігі және жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, жеткізуші мекемелер алдындағы міндетті мүмкіндігінше уақытында орындады. Коронавирусқа қарсы күрес шараларына жалпы 56,7 миллиард теңге бөлінді. Халыққа көмек көрсету үшін 630 мекемемен шарт жасалды, - деді ол.
Басқарма төрағасының айтуынша, Қор маусым айының соңында жеткізуші мекемелерге көрсетілген қызметтер мен қауіпті аумақтарда жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне бөлінген жалпы соманың 70%-дан астамын жұмсаған.
Медициналық көмек пен стационарлардағы ем үшін 13,14 миллиард теңге, қауіпті аумақтарда жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге 38,1 миллиард теңге, ПТР-диагностика үшін 5,2 миллиард теңге қарастырылған. Бірінші кезекте тұрған маңызды міндеттерді жедел орындау үшін республикалық комиссия санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып, өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының тізбесі бойынша медициналық қызмет көрсететін мекемелермен тікелей шарт жасау туралы шешім қабылдады. Қор маусым айының соңында жеткізуші мекемелерге көрсетілген қызметтер мен қауіпті аумақтарда жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне 44 миллиард теңге төледі. Бұл қаржы бөлінген жалпы соманың 70%-дан астамы, - деді Төкежанов.