Кеше 2026, 23:27 Фото: freepik

"Жеткізілмеген сәлемдеме": астаналықтарға жаңа алаяқтық тәсіл туралы ескерту жасалды

Мамандардың айтуынша, алаяқтар мессенджерлер мен SMS арқылы курьерлік қызметтерге ұқсас хабарламалар таратады.

Астанада тұрғындарға «жеткізілмеген сәлемдеме» туралы жалған хабарламалар арқылы жасалатын жаңа алаяқтық схемасы жөнінде ескерту жасалды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мамандардың айтуынша, алаяқтар мессенджерлер мен SMS арқылы курьерлік қызметтерге ұқсас хабарламалар таратады. Онда сәлемдемені жеткізу мүмкін болмағаны айтылып, қайта жеткізу үшін сілтемеге өту ұсынылады.

Алайда бұл сілтемелер логистикалық компаниялардың ресми сайттарына ұқсатып жасалған жалған ресурстарға апарады. Онда пайдаланушылардан жеке деректерін – аты-жөні, ЖСН, мекенжайы және жеткізуді рәсімдеу үшін төлем енгізу сұралады. Осы мәліметтерді берген жағдайда алаяқтар банк деректеріне қол жеткізіп, қаржылық шығын келтіруі мүмкін.

Мамандар азаматтарды сақ болуға шақырып, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, жеке мәліметтерді енгізбеуге және жеткізілім туралы ақпаратты тек ресми сайттар мен қосымшалар арқылы тексеруге кеңес береді.

Алаяқтар адамдардың сенгіштігін пайдаланып, мұндай схемаларды кеңінен таратуда. Сондықтан цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау – жеке деректер мен қаржыны қорғаудың негізгі жолы.