Жетісулықтардың 46%-ы ғана газға қол жеткізе алады

Жалпы облыста 30-дан аса ауыл көгілдір отынға қол жеткізген. Бүгінде 321,7 мың тұрғын, яки 46%-ы газға қол жеткізе алады. Жоспар бойынша 50 %-дан асу қажет болған еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Былтыр 9 ауыл газдандырылған еді. Осы жылы 30 ауылға газ келеді деп болжануда. Сонда 40 мыңға тарта адам отын жағып әуре болмайды. Осы мақсатта өңірде 30 жоба қолға алынған, оған бөлінген қаржы көлемі 13,5 млрд теңгені құрап отыр.

Қолға алған 30 жобаның 8-і былтыр басталған жұмыстар, қалғаны жаңа. Соның нәтижесінде 656 шақырым газ желісі жүргізіледі. Бұл дегеніміз Көксуға қарасты Алғабас, Талапты, Ақтекше, Жетіжал, Қызылтоған, Айнабұлақ, 10-жылдық Қазақстан, Жеңіс, Ақшатоған, Бозтоған, Жарлыөзек, Кеңарал, Көксу, Еңбекшіқазақ елді мекендері көгілдір отынға кенеледі деген сөз. Одан бөлек Қараталдан 6 ауыл, ал Ескелдіден 9 ауыл да осындай қуанышқа орайласпақ. Облыс орталығына іргелес Мойнақ елді мекені де көмірге кезекке тұрмайды. Шамамен 37 мыңнан астам халықтың тілегі орындалады, - дейді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.

Одан бөлек, екінші II жартыжылдықта "Талдықорған – Үшарал" магистралды газ құбырының құрылысы басталмақ. Демек, алдағы 3-4 жыл шеңберінде алыстағы Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына да газ жетеді. Жақында өңір басшысы Бейбіт Исабаев сарқандықтарға солай деп уәде берген еді.

Біз 100 млрд теңгені құрайтын ауқымды жобаны қолға алдық. Мемлекет басшысының халықты газбен қамту жөніндегі тапсырмасына сай республикадан 20 млрд теңге бөлінді. Бүгінде ЖСҚ дайын, мемлекеттік сараптама нәтижелері де алынды. Көп ұзамай құрылысын бастағалы отырмыз, - деген еді Исабаев.

Қазір өңірде газдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы