Жетісулықтар Құлсарыға киіз үйлер жіберді

Өңірдегі қандастар өзара бірлесе қор жинап, Атырауға алты қанатты ақ шаңқан он киіз үйді аттандырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл игілікті істің бас-қасында жүрген жеке кәсіпкер Жарқын Қайса аталған жәрдемді топан судың астында қалған ағайынға аз да болса көмек дейді. Баспанасыз сарсаңға түскен ел-жұртқа осылай қолдау білдіруге бел байлаған.

Шыны керек, елдегі апатты естіп тыныш отыра алмадық. Сондағы бауырларымызбен жиі-жиі хабарласып тұрамыз. Жағдай өте қиын. Сол үшін осындағы азаматтардың басын қосып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға шақырдым. Әрине, хәл-қадірімізше көмектесеміз. Ел қиналып жатқанда қарап қалуға болмас. Бұл киіз үйлер үйі суға кеткен ағайынға пана болады деген ойдамыз. Бүгін міне Құлсарыға жібердік, 2-3 күнде сондағы елге сәлеміміз жетіп қалар, бұйырса, - дейді Жарқын Қайса.

Оның айтуынша ең бастысы темірден тоқылған мұндай киіз үйлер жылдам құрастырылып, жылдап жиналады. Әр шаңырақтың ішіне және сыртына қажет жабдықтары заманауи материалдардан толықтай тоқылған. Оның үстіне су мен жел өткізбейді. Тірегі мықты.

Естеріңізде болса, Көксу ауданына қарасты Мұқыры елді мекенінде шығарылатын дәл осындай киіз үйлер былтыр Түркия еліне жіберілген еді. Жер сілкінісінен зәрезап болған халық сол қазақтың киіз үйін паналаған. Сол кезде жетісулықтар осылай жиналып, 40-қа жуық киіз үйді Анадолы жеріне жіберген болатын. Енді құлсарылық халық та уақытша пана тұтса деген ниет.

Айта кетейік жетісулық қандастар алдағы уақытта су тасқынынан үйсіз қалған азаматтарға тағы да киіз үй жөнелтуге дайын отыр. Қазір қолда бар киіз үйді жинап-түйіп көлікке тиеген екен. Әлі де қажет болса ондаған киіз үй дайындап, басқа өңірлерге жіберуге ниетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Көксу ауданының баспасөз қызметінен
Өзгелердің жаңалығы