Жетісулықтар қаржы пирамидасына 306 млн теңге құйған
Былтыр өңір көлемінде 4 қаржы пирамидасы құрықталған. Оларға 200-ден астам адам тіркелген. Шығын көлемі 306 млн теңгеден асады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Несие алып, қаржы салғандар көп
Жетісуда қаржы пирамидасына ақша салатындар әлі де бар. Жылдам ақша табуды ойлап, жылпос әрекетке баратындар қарапайым халықты әбігерге салудан жалығар емес. Әсіресе, тұрмысы төмен, орта тап өкілдері үй алуға жинаған ақшасын қаржы алаяқтарына ұстата салған жайттар көптеп кездеседі. Тіпті арасында мұғалімдер де бар. Интернеттегі түрлі жарнамаларға иланып, маркетингтік тәсілдерге шырмалған тұрғындар қалай ақша салғанын өздері де түсінбейді. Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, егде жастағылар ғана емес, сауатты, білімі жоғары азаматтар да қаржы пирамидасынан пайда іздегені анықталған. Бүгінде сол бағытта жұмыс істейтін әлеуметтік желілер мен арнайы сайттарды жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларының заңсыз әрекеттерінің жолын кесу және олардың азаматтарға тигізетін зиянын болдырмау бойынша кешенді шаралар әзірледі. Сол шаралар аясында аталған агенттік қаржы пирамидаларының негізін зерттеп, алдын алу шараларын айқындады. Мұндағы міндет – олардың қызметін тоқтату және циклін қысқарту. Бұл агенттіктің ұсынымдары бойынша екі айға дейін болмақ. Былтыр ел бойынша 18 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Олардың негізгі белгілері анықталды. Нақтылай кетсек, алдымен әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнама және мәжбүрлеу, яки арнайы аккаунттар ашу, танымал медиа тұлғалардың жарнамалауы, таргеттелген жарнама жүргізу . Одан кейін жоғары табыс пен үлкен пайыз уәде ету, яки 50%-дан жоғары дивидендтерді қысқа мерзімде беру туралы уәделер. Жаңа салымшылар тартқаны үшін сыйақы беру. Мұнда өзін "ноу-хау" жоба немесе басқа ұйым ретінде таныстыру, яки тұрғын үй кооперативі, микроқаржы ұйымы, несие бюросы, қарыздан құтылу бағдарламасы, қаржылық қызмет көрсету орталығы бар, - дейді облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Еркін Тюмелиев.
Оның айтуынша, аталған ұйымдар адал азаматтарды тартып, олардың жинаған қаражаттарын пайдаланады. Пирамидалар халықтың барлық әлеуметтік топтарына бағытталған. Жарнамаға сенген азаматтар ондаған мыңнан бастап, миллиондаған теңгеге дейін қаржы салады екен. Көп жағдайда азаматтар жоғары пайыз алу үшін несие рәсімдеп, қаржы пирамидаларына ақша құяды. Нәтижесінде, қаржысынан айырылып, үлкен шығынға ұшырайды. Ал құйған қаржысы ешқашан қайтпауы әбден мүмкін. Тіпті іске сот араласса да.
Ең өкініштісі, өзі жарымай отырған жұрттың банктен қарыз алып, оны қаржы пирамидасы арқылы еселеп алуды ойлауы болып отыр. Сонымен айналысатын ұйымдар арнайы шақырту беріп, тұрмыстық тығырыққа тірелген жұртқа оңай баюдың жолын көрсетеді. Оған иланған адамдар қолда бар затын өткізіп, ақша құюға асығады.
Qnet деген бәлеге 1 млн теңге беріп кірген едік. Оған келіншегім барып, дәрісін тыңдап, "ақшаны жылдам көбейтіп алады екенбіз" деді. Елдің бәрі соған ақша салып жатыр, тіпті байып кеткендерді де көрсетті. Кімнің жылдам байығысы келмейді?! "Көрсең, көр" дедім. "Көршіміз де кірген екен, екеулеп жұмыс істейміз" деп қуанды. Қайдағы, қайтатын түрі жоқ. Қанша ақшаны қайтаруды сұрағанымызбен, олар әртүрлі сылтауды айтып, қуып шығады. Заңға барсақ та ешкім құлақ аспады. Сөйтіп ақшамызды қайтара алмадық. Өзі де несиеге батқан едік, одан сайын берекеміз кетті. Мен сияқты қаншама адамдар шырылдап барды, бірақ ешкім тыңдаған жоқ. Расымен, жеңіл ақша табудың болмайтыны сол кезде басымызға тиді, - дейді еркін ауылының тұрғыны Жандос Келісбаев.
Бүгінде арнайы қаржылық пирамидалық орталықтар жабылса да, халық оларға онлайн ақша салуды құп көреді екен. Бүгінде облыс көлемінде жүздеген тұрғын ескі әдетін қайталаған.
492 сайт пен 16 әлеуметтік желі бұғатталған
Бұрынғыдай емес, қаржы пирамидалары әлеуметтік желі мен түрлі сайттар арқылы жарнама жасап, қашықтықтан онлайн-ақ жұртты опындырып отыр. Мәселен жыл сайын республика көлемінде мыңдаған интернет порталдары жабылады екен. Оларды жою жұмыстары қаншалыққы көп болса да, жаңбырдан кейін қаптаған саңырауқұлақша түрлі әлеуметтік желілер қаптап барады. Былтыр осы түйткілдің алдын алу бойынша интернет кеңістігінде қаржы пирамидаларын жарнамалауға тосқауыл қою іс-шаралары жүргізілген. Құзырлы органдар заңсыз контентті анықтау үшін тұрақты түрде мониторинг жасаған. Мәселенки, өткен жылы департамент қызметкерлері 500-ге тарта сайтты жауып, 16 әлеуметтік желі аккаунтын бұғаттаған. Ең өкініштісі, бұл аккаунттарға жалпы саны 1,4 млн жазылушы тіркелген екен.
Сонымен қатар, күмәнді жобалар мен контенттерді тексеру үшін Агенттік "Байқа, пирамида!" атты Telegram-ботын әзірледі. Бұл құрал азаматтарға интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілердегі ақпараттың шынайылығын тексеруге мүмкіндік береді және заңсыз схемаларға тартылудан қорғайды. Алдын алу шаралары қолға алынған. Бұған қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимылға жергілікті атқарушы органдар, білім және денсаулық сақтау мекемелері, діни ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер (мысалы, "Жас ұрпақ"), сондай-ақ блогерлер жұмылдырылған. Қауіпсіздік жөніндегі аудио және бейне хабарламалар халық көп жиналатын жерлерде таратылуда. Атап айтсақ, орталық базарлар, ХҚКО, кинотеатрлар және т.б. Мешіттерде қаржы пирамидаларына кірудің салдары түсіндіріліп, уағыз жүргізіледі, - дейді облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Еркін Тюмелиев.
Бүгінде өңір көлемінде мемлекеттік мекемелерде, жоғары оқу орындарында және мектептерде қаржылық сауаттылыққа қатысты оқыту жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Сол арқылы қоғамның санасын улаған түрлі жылтырақ жарнамалардан арашалау әдістері қолданылады. Ауылдағы ағайынның көбі сиқырлы жарнамаларға құлақ асуы мүмкін. Тіпті қала тұрғындарына қарағанда, ауыл азаматтары көбірек тіркелгені анықталған. Оған қоса жастардың да қатары көп. Демек, қоғамды нақты мәліметпен құлақтандыру маңызды.
Өкінішке қарай, студенттер көбірек тіркеледі. Оқуын ақшасын төлеу үшін жанталасатындар көп. Олар онлайн ойындар, карта ойындары секілді түрлі жарнамасы жүріп тұрған қаржылық пирамидаларға еліккіш. Түсіндіріп жатсақ та, зиянын айтсақ та құлақ аспайды. Ата-анасын алдап ақша алып, қаржылық пирамидаларға құйғандар бар. Мәселен студенттер арасында ата-анасынан оуқыдың ақшасын төлеуге қаржы алып, оны онлайн ойындарға салғандар бар. Бұл жерде біржақты кінәлауға болмайды. Сауатты адам ондай жеңіл ақшаға қызықпауы қажет. Көбі жеңіл затқа ұмтылып артынан опық жеп қалады. Универистетте бірге оқитын білімгерлер сондай қадамға жиі барады, - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны, студент Арай Таңжарыққызы.
Жетісуда "Asar Baspana-ға" ақша салғандар қайтпек
Жетісу жерінде жұмыссыз жүргендер көп. Олардың қыс пен күздегі ермегі интернет ойындары. Казина секілді түрлі карта ойындарына ұялы телефон арқылы 2-3 мың теңге ақша салып, қызыққа бататындар да азаяр емес. Мәселен, облыс көлемінде 2023-2024 жылдары 4 қаржы пирамидасының заңсыз қызметі анықталды. Атап айстақ, "Qnet", "Amanat Drive", "Elous", "Livegood". Бұлардың бәрі бірнеше жыл бойы ел аумағында миллиардтаған қаржыны жымқырған. Бүгінде өңірдегі 300-ге жуық жәбірленуші тіркеліп, олардың жалпы шығыны 306 млн теңгені құрап отыр. Олардың ішінде негізгі салымшылар – білім беру саласының қызметкерлері және үй шаруасындағы әйелдер екені белгілі болды.
Білім беру саласының мамандарының бұл қадамға баруына негізгі себебі қаржылық қиыншылықтар. Бірі жылдам үй алуға ниеттенсе, бірі жақсы көлік алуды көздегенін айтады. Өздері секілді басқа да мамандардың ақша салып, байығанын көрген олар бірден қаржы құюға келіскен. Әріптестердің аңғал әрекеті көпке үлгі болары анық. Менің екі құрбым дәл осындай жағдайға тап болды. 300-400 мың теңге жалақы алғанымен, қазір бұл ақша ештеңеге жетпейді. Оны несін жасырамыз. Жарнамада адамның арманын жүзеге асыратындай түрлі картиналар болады. Кім одан жалықсын, ақшаны бірден құяды. Тағы бір досымның күйеуі 11 млн теңгесін салып жіберген. Асар баспанамен байимын деп ойлаған еді. Енді соттың артынан жүгіріп жүр, - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны, мұғалім Меруерт Ыдырысова.
"Asar Baspana" дегеннен шығады, осы жылы ақпан айында еліміздің барлық өңірлерінде осы іске байланысты ауқымды операция жүргізілген еді. О баста өзін тұтынушылық кооператив ретінде көрсеткен «Asar Baspana» қаржы пирамидасының заңсыз қызметі толықтай тоқтатылды. Бұл нағыз халықты алдаудың озық үлгісі саналып отыр. Ең өкініштісі, бұл істің басында тұрғандар тұрғындарға жылжымайтын мүлік, көлік және тұрмыстық тауарларсатып алуға инвестиция салуға шақырып, ай сайын 30%-ға дейін пайда береміз деп сөз берген. Тіпті, оған түрлі ас үй ыдыстары, косметика салғандар да бар. Қазір ұйымдастырушылар тергеліп жатыр. Ал қаржы көлемі есептелеп, алдағы уақытта шығын анықталады.
Арнайы операция барысында компания кеңселерінен және осы істің басында жүрген азаматтардың тұрғылықты жерлерінен 1 млрд теңгеден астам қолма-қол ақша табылды. Сондай-ақ 13 автокөлік қымбат автокөлік тәріленді. Олардың ішінде премиум-классты көліктер де кездеседі. Бүгінде екі күдікті уақытша қамауға алынды. Сот әзірге оларды 2 ай қамауда ұстау туралы шешім шығарды. Айта кетейік,р сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасына тап болсаңыз, тұрғылықты жеріңіздегі Экономикалық тергеу департаментіне жүгінуіңізді сұрауға болады. Біз әрқашан көмек көрсетуге дайынбыз. "Жылдам байып кету" туралы тартымды ұсыныстар мен алғашқы жарна төлеу талаптары – қаржы пирамидасының басты белгісі болып табылады, - дейді облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Еркін Тюмелиев.
Департамент мамандарының айтуынша, агрессивті жарнама мен әдемі уәделер арқылы айлакерлер еліктіріп әкетеді. Сол арқылы "сәтті" схемаға достарыңыз бен таныстарыңызды тартуға итермелейді. Бірақ шын мәнінде, жаңа салымшылардың ақшасы бұрынғы қатысушыларға төленеді. Осылайша, пирамиданы ұйымдастырушылар көп мөлшерде ақша жинап, төлемдерді тоқтатады да, із-түзсіз жоғалады. Оларды құрықтау оңай шаруа емес. Қаржысын құйған азаматтардың дені ақшасын кері қайтара алмайды.
Бүгінде, осындай схемаларға қатысу арқылы жыл бойы жинақтаған қаржысынан айырылып, үлкен қаржылық шығынға ұшырағандар миллиондап кездеседі. Ел тұрғындары қырағы болғаны абзал. Күмәнді қаржы ұйымдарына қаражат салмау маңызды.
Ақмарал Қайрат