Жетісулықтар бүлінген жолды брусчаткамен жамап жүр
Жетісуда қазылған көшелерге қайта асфальт салынбай, оның орнына брусчатка төселген. Бүтін жолы жоқ облыстың тас жолы тек құжатта ғана теп-тегіс, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі
"Абай" көшесінде алтын бар ма? Неге қаза береді?
Жетісуда 8 аудан, 2 қала бар десек, солардың басым бөлігі тас жолдың тағдырына алаңдайды. Асфальт құйылып, енді ретке келе бастаған көше жолына келер жылы қазу жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, облыс орталығындағы "Абай" көшесінің хәлі көпке таныс. Енді жамау көріп, жөнделе бергенде жылу құбырларынан ақау шығып, қайта жол жөндеушілер әбігерге түседі. Былтыр да сондай оқиға болған, биыл да сондай жағдай болмақ. Амалы жоқ, облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жылу желілері мен су құбырларының салдарынан және қар мен жаңбырдың кесірінен ойылған жолдарға брусчатка төсеп жүр. Оған қайта-қайта бөлінетін облыстың артық бюджеті жоқ.
Конализация мен су құбырының мәселесін шешіп алып барып, жол жөндеу керек еді. Бұлар алдымен жолды жөндеп барып, артынан жылу желілерін жасайды. Тап-таза абсурд. Әл де бұл ақша жеудің амалы ма? Жоқ, әлде «Абай» көшесінде расымен алтын бар ма? Қызылтас, Ынтымақ саяжайларында тіпті асфальт төселмеген. Халықтың басым бөлігі қалаға келіп жұмыс істейді. Обал ғой. Көктем келе ми батпақ болады. Бұқарбай көшесіне қашан асфальт төселеді деп сұрақ қойғанымызда, келер жылы деген еді. Одан бері тағы 2 жыл өтті. Солтүстік-Батыс ауданына әлі асфальт төселмеген. Бос уәдені ғана естіп, батпақ кешіп әлі жүрміз. Жартысын жемқорлар жеткізбей жоқ қалдырады-ау деймін, әйтеуір сапасыз жолдан көз ашпадық, -дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Едіге Әбдіхалық.
Бұл мәселеге қалалық әкімдіктің өз жауабы бар. Мәселен, облыс орталығында алдағы 2 жылда жүз шақырымнан астам жол ретке келеді. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, осы жылы 80 шақырымға тарта жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нақтылап айтсақ, "Құлагер", "Бірлік" шағын ауданына, "Жастар 1" және "Солтүстік-Батыс" тұрғын үй алабына 53,9 км болатын жаңа жол құрылысы түседі. Осылайша жаңа бой түзеп жатқан аудандарда 107 жаңа көше салынады.
Осы жылы жол жөндеу жұмыстарын өткен жылмен салыстырғанда ертерек бастауды жоспарлап отырмыз. Қала тұрғындарының өтініштерін де назарға алып, көшелердегі жол төсемін қалпына келтіру, шұңқырларды жөндеудейміз. Сонымен қатар, биыл өткен жылмен салыстырғанда жаңа жол салу, күрделі жөндеу және ағымды жөндеу жұмыстарының көлемі екі есе арттырып отырмыз. Жол бойынша қолға алып жатқан жобаларымызды 2027 жылы толық аяқталады. Тұрғындардың тілегі ескеріледі, - дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Ниетбаев.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы 21,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді. Оған қоса, жол жамылғысын ауыстыруды қамтитын орташа жөндеу 27,9 км ұзындықтағы 28 көшеде жоспарланған, ал 17450 м2 жол ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, шаһар ішіндегі көше жолдарын ретке келтіру жұмыстары көктемде басталады. Бұл жұмыстар жаздың соңына дейін жалғасатын болады. Сонымен қатар, көлік ағымы көп аумаққа тағы 4 жаңа бағдаршам орнатылмақ. Себебі облыс орталығында кейінгі кезде кептелістер жиілеген. Сондықтан Н.Назарбаев даңғылына дейінгі айналым (кольцо) жол, яғни Балпық би – Сланов көшелерінің қиылысына және Алматы-Өскемен айналма жолы Желтоқсан – Ракишев көшелерінің қиылыстары "Мечта" сауда үйі маңына бағдаршам қойылады.
Ақша жеудің амалы ма?
Талдықорған көшелерінің көбі бүлінген. Тіпті, орталық көшелер саналатын "Н.Назарбаев" мен "І.Жансүгіров" бойымен жүрген көлік иелерінің шұңқырлардан қашуына тура келеді. "Қабылиса жырау", "Қабанбай", "Уалиханов", "Жамбыл", "Ақынсара", "Біржансал" көшелерінің әлі жөндеу көрмеген жерлері бар. Қазылған күйінде қалған көшелер де жетеді. Халықтың уәжін қалалық әкімдік 80-90 жылдары салынған жылу құбырларын жаңғырту жұмыстарына итеріп отыр. Қала әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ескі жылу һәм су құбырларын қазір ауыстырмаса, кейін апатты жағдайлар тіркелуі мүмкін. Мәселен, былтыр жалпы ұзындығы 5,4 шақырымнана асатын Гагарин, Алдабергенов, Қаблиса жырау, Жансүгіров, Қабанбай батыр көшелеріндегі жылу құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Алайда сол көшелердің жолдары бүгінде толқып тұр. Ойық пен шұңқырдан көз ашпайсыз.
Жылу желілерін жаңғырту жұмыстары кейде 3-4 айға созылады. Біз жолды қайта қалпына келтіргенімізбен, жер толқиды, құм мен тас отырады. Содан көктем келе қар суы мен жаңбырдың салдарынан шұңқырға айналады. Асфальтті шірітіп жібереді. Биыл Абай, Дарабоз ана, Қабанбай батыр, Балпық би көшелерінде 1,8 шақырым болатын жаңа жылу желілері салу жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында толық аяқталады. Мұның бәрі қала көлемінде жылыту маусымы кезінде орын алатын авариялық жағдайды болдырмау, шаһарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатқан шаралар. Халық түсіністік танытса дейміз, - дейді сала маманы Асқар Еділбеков.
Қараңыз, биыл облыс орталығының жолдарын жөндей үшін 8 млрдқа тарта қаржы бөлінген. Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, қаланы көркейту мақсатында қаржының басым бөлігі Талдықорғанға жұмсалады. Бұл ақша шаһар жолдарының құрылысына, күрделі жөндеуге және күтіп ұстауға бағытталып отыр. Мәселенки, жолға қатысты өңірде бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, солтүстік-батыс тұрғын ауданында, 8 және 9-ыншы және "Жастар-1" шағын аудандарында 107 көшеге жол салу жоспарланып, 2023 жылы оның 10 көшесі жасалған еді. 2024 жылы 30 көшеге жаңадан асфальт төселсе, қалған 67 көше 2025-2026 жылдар аралығында толық аяқталады деп жоспарланған.
Көше жолдары халық үшін маңызды. Бүгінде "Шығыс", "Оңтүстік-Шығыс", "Көктал шағын аудандары және 3-бөлімше тұрғын аудандарындағы 89 көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Өткен жылы 14 көше толықтай жасалды. Жұмыстар 2026 жылдың соңында толығымен аяқталады. Сонымен қатар Өтенай ауылдық округіндегі 7 көше күрделі жөндеуден өтті. Қаланың өзінде 10 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жалпы 17,5 мың шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу және 350 люкті көтеру жұмыстары жасалып, қауіпті учаскелерге 3 бағдаршам орнатылды. Қаланың көркеюіне көше жолдарының тегіс болғаны да әсер етеді. Одан кейін жылу желілерін ауыстырғаннан кейін асфальт жабынын қалпына келтіру - маңызды мәселе. Осыған байланысты қала әкіміне асфальт төсемін қалпына келтіру және люктерді сапалы орнату жұмыстарын ерекше бақылауға алған жөн, - деді Бейбіт Исабаев халықпен кездескенде.
Өңір әкімінің айтуынша, биыл "Жастар-2" шағын ауданында жолды күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Оған бөлінетін қаржының жалпы құны
3,5 млрд теңгені құрап отыр. Әзірге жергілікті бюджеттен аталған соманың 500 млн теңгесі қарастырылған. Осы ретте жылу желілерін ауыстырғаннан кейін асфальт жабының қалпына келтіру жұмыстары да күтіп тұр. Сол себепті, облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы қала әкімі Ернат Бәзілге асфальт төсемді қалпына келтіру және люктерді сапалы орнату жұмыстарын ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Бұл мәселе бұған дейін қанша көтерілгенімен шешімін таппаған еді. Себебі жергілікті билік қағаз жүзінде жүйелі жұмыс атқарап жатқан сияқты болады. Алайда қаланы бір аралап көрген адам толқып кеткен жолдар мен люктер маңайынан өту мүмкін емес екенін аңғарады. Қалаға қыдырып келген қонақтың өзі көлігін аяйды.
Менің бір таңғалатыным – қыс тақағанда көшені қазатыны. Бұл тап-таза ақымақтың ісі. Мәселен, Қонаев көшесімен төмен түссеңіз, көлігіңізбен 60 сағ/км жылдамдықпен әрең жүресіз. Көбі бағдаршамы жоқ болған соң сол көшемен қатынайды. Алайда жолдың ойығына брусчатка төсеп тастаған. Ойдым-ойдым жолдардан көлігіңізді қайда алып қашарыңызды білмейсіз. Осында такси болып істейтін жігіттер қала жолының әбден шығынға батырғанын айтады. Дөңгелегі жарылады, "ходовкасы" кетеді, бәрі бала-шағасын асырап отырған адамдар, сондықтан қиын, кімге де болса... Жалпы Талдықорған бүтін жол жоқ. Жылда жасалғанымен, нәтижесін көріп отырған жоқпын, ақшаны желге шашады,- дейді қала тұрғыны, жүргізуші Асанбай Толқынбаев.
Осы мәселе Жетісудың басқа аудандары мен қалаларында да кездеседі. Текелі қаласының халқы тіпті түзу жол көрмегелі талай жылдың жүзі болды деп отыр. Ал жылда өңірде жол үшін миллиондаған қаржы бөлінеді. Нәтиже нөл! Сенбесеңіз, келіп көріңіз!