Жетісулықтар Батырхан Шүкеновты еске алды

Талдықорған қаласында қазақтың аяулы әншісі Батырхан Шүкеновтің шығармашылығына арналған «Сағым дүние» атты кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыс орталығындағы «Muz Life» алаңына қала тұрғындары жиналды. Бала күнінен Шүкеновтың әндерін тыңдап өскен жастар мен үлкендер өзінің жастық шағының жұлдызындай әуендер көңіл төріне қондырды. «Талдықорған әуендері» ансамблінің қыз-жігіттері өнер иесінің туындыларын кеңінен насихаттап, халықтың ыстық ықыласына ие болды.

Батырхан Шүкенов қазақ эстрадасының жарық жұлдызы ғана болған жоқ, ол Ресей, Беларусь, Қырғыстан, Өзбекстан секілді көрші мемлекеттерден де жанкүйер жинай алды. Оны шығармашылық талғамы, сахнадағы асқақ болмысы, эстетикалық энергия сыйлайды. Біз оның әндерін естіп өстік. Бүгін әріптестерімізбен бірлесе осындай бір тамаша кештің басталуына мұрындық болып отырмыз. Көрерменнің қабылдауы бізге ерекше әсер берді, - дейді әнші Бауыржан Түркістан.

Ең қызығы аталған концерт жанды дауыста өтті. Көрермендер де әншілерге қосыла ән айтып, би биледі. Тіпті, өнер иесінің жанкүйерлері сахнадағы әншілерге алғысын жаудырып, ерекше қошемет көрсетті. Кешті ұйымдастырған қалалық мәдениет басқармасы мен Талдықорған әуендері. Әуен бэнд өнерпаздары осындай форматта бұдан да өзге кештер өтетінін жеткізді.

Бүгін мен ерекше толқып тұрмын. Шүкеновтың әндері өміршең. Қанша уақыт өтсе де ескірмейді, көңілде жүреді. Тыңдаған сайын көңіл толқып, жанын ләззат алады. Осындай кешке мұрындық болған өнерпаздарға ерекше алғыс айтқым келеді. Әншінің мирасын жаңғыртып, ретро әндерді қайта санамызға құйғанына рақмет. Осындай кештер көп болсын. Біз жиі келіп тұрамыз, - дейді қала тұрғыны Анаргүл Тұрсынқызы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы