Жетісулық жас ғалымдар «қара сарбаз» шыбынын өсірудің жаңа технологиясын тапты
Жетісулық жас ғалымдар «қара сарбаз» шыбынын өсірудің жаңа технологиясын тапты, тек бұл ғана емес, тіпті олар осы арқылы пайда да тауып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Нақтырақ айтқанда, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жас ғалымы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Айгерім Қамбарова «қара сарбаз» шыбынынан органикалық тыңайтқыш даярлап, Талдықорған маңындағы бірнеше шаруақожалықтарына сатып отыр. Отандық ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек «Қара сарбаз» (Hermetia Illucens) шыбынын өсіру — органика қалдығын өңдеуге қолайлы ең тиімді әдіс екендігін айтады.
Жас ғалымның айтуынша, қара шыбынның құрттарын өндірумен әлемнің көптеген елдері айналысады. Жетісу өңірі аграрлық аймақ болғандықтан мұндай тыңайтқыштың қажеттілігі мен маңыздылығын түсініп, осы жобаны бірден қолға алған.
Шыбындар мен дернәсілдерді оңтайлы климаттық жағдайлармен қамтамасыз ету арқылы оны жыл бойы өсіруге болады. Аналығы бір мезгілде 400-ден 800-ге дейін жұмыртқа салады. Ол небәрі 14 күнде жұмыртқадан дернәсілге айналады, орташа салмағы Х 4000. Яғни, 1 грамм жұмыртқадан екі аптада 4 кг дернәсіл жинауды жоспарлап отыр. Дернәсілдер аминқышқылына өте бай. Оның бірегей құрамынан фармацевтика мен косметологияда кеңінен қолданылатын хитин және меланин алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Талдықорған қаласының маңындағы шаруа қожалықтары күнделікті 20-25 кг тірі, 10-15 кг кептірілген дернәсілдерді сатып алады. Сонымен қатар, қалған зоогумусты қаладағы ландшафтпен айналысатын фермаларға көтерме бағамен сатып жатырмыз. Сұраныс өте жоғары болғандықтан, «қара сарбаз» шыбыны дернәсілін күніне 1 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, — дейді жас ғалым Әйгерім Қамбарова.