Жетісулық студенттер батысқа гуманитарлық көмек жіберді

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік уинверситетінің ұстаздары мен білімгерлері су тасқыны болып жатқан өңірлерге әлеуметтік көмек жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Білім ошағыны ұжымы ел ішінде төтенше жағдай жарияланған бетте апат болған аумаққа көмек қолын жинады. Сол шаңырақта оқитын осындағы еріктілер бірлесіп, гуманитарлық көмек жинаған еді. Бірлігі жарасқан жетісулық жастар әлі де жылу жинауды жалғастырып жатыр.

Студенттер бірден ұсынысымызға келісіп, халыққа көмектесу азаматтық борышы екенін айтты. Содан бәріміз жиналып, осылай игілікті іс істеуге белді бекем байладық. Шама-шарқынша жастар әртүрлі керек-жарақтар әкеліп, еңсемізді көтеріп тастады. Жастардың жігерін көріп, біз де құрақ ұштық. Апат айтып келмейді, сондағы халықтың көз жасын көріп, көңіл елжіреп кетті. Ел аман болсын. Жетісуда табиғи апат болмағанымен, халықтың көңілі алаң, - дейді университет оқытушысы Дәулеткерей Мүлік.

Жоғары оқу орнының қызметкерлері күнделікті тұрмысқа қажет заттарды жинаған. Одан бөлек азық-түлік, балалар мен ересектер үшін киім-кешек, жеке бас гигиенасына арналған құралдар әзірлеген. Осылайша әр түрлі материалдық көмек жинап, арнайы автокөлік жалдап батысқа жолдаған. 2 күннің ішінде жүк көлігі батысқа жетеді.

Гуманитарлық көмек пен қаржылай көмектен бөлек маңғыстаулық және атыраулық студентерге арнап, жатаханадан 50 орын дайындаған. Ондағы студенттер Жетісуға келіп білім алуына болады, жетісулықтар оларға рухани көмек беруге де әзір отыр. Батыстағы жағдай тұрақталмаса, жетісулық білімгерлер сондағы студенттерді қарсы алуға дайындалып жатыр. Білімгерлер күшіміз бірлікте деп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Университеттің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы