Жетісулық құтқарушылар Борлы өзенінен 2 тракторшыны іздеп жатыр

Жетісулық құтқарушылар бір аптадан бері Абай облысында. Елдегі жағдайды ескере отырып төтенше жағдай департаментінің бір топ өкілі көмек қолын созуға сонда кеткен еді. Біз осы ретте облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Қайрат Назаровпен тілдескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

– Қайрат Нұрмұхамбетұлы, қазір Абай облысындағы ахуал қалай?

– Біз қазір Абай облысына қарасты Аягөз ауданы Бозай ауылындамыз. Жағдай біз ойлағаннан да қиын болып шықты. Жетісулық әріптестеріміз күн-түні іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Техниканың көмегімен топан су алып кеткен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, шама шарқынша жәрдемдесіп жатырмыз. Күн өте салқын, судың азаяр түрі жоқ. Дегенмен құтқарушылар халықтың қасында жүр.

– Жетісулық құтқарушылар селге қарсы қалай жұмыс істеп жатыр?

– Бозай ауылыны түгел дерлік су астында қалды десек болады. Қаншама тұрғынның баспанасыз топан су тас-талқан еткен. Ағаш басын, шатыр үстін паналаған жандар да кездеседі. Бозай ауылында жетісулық құтқарушылар ауыл тұрғындарын Аягөз өзені арқылы қауіпсіз жерге өтуін ұйымдастыруда. Соңғы үш күнде 155 адам қауіпсіз аймаққа тасымалданды. Оларға толықтай азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілді. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасады.

– Ауыл тұрғындарының хәлі қалай?

– Шыны керек тұрғындардың дені шок алып қалған. Аяқ астынан су басқанда әбіржіген халық не істерінде білмей қалған секілді. Су бармайтын биік төбелердің басын, үлкен ғимараттарды паналауға мәжбүр болған. Дегенмен, қазір оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Біз өз тарапымыздан қолдан келген көмекті аямаймыз. Жігіттер тұрғындардың тілегін тыңдап, шама бар қажет деген затын әкеліп беруде. Жылаған балалары, қиналған қыз-келіншектерді көргенде көңіл елжірейді. Ал малдың теңкейіп-теңкейіп жатқаны да жүрекке ауыр.

– Іздестіру жұмыстарында нәтиже бар ма?

– Біз бір аптадан бері жоғалған 2 тракторшының іздеу үстіндеміз. Әзірге нәтиже жоқ. Сол көңілді қыңжылтады. Отбасылары да алаңдауда. Дегенмен техниканың көмегімен жігіттер жан-жаққа шашырап, судың тереңдігіне қарамай іздестіріп жатыр. Бұл кезде не айтарынды да білмейді екенсің. Отбасына сабыр тілейміз. Елдің аман болғаны керек бізге. Су астынан адамды іздеу оңай емес. Суығы мидан өтеді. Тіпті етікпен кешіп жүрген ерлердің өзіне оңай емес.

Техника жағынан тапшылық туындап жатқан жоқ па?

Осы ретте тағы айта кеткенім жөн шығар. Біздің облыс тарапынан мұна 23 құтқарушы, 6 бірлік техникасы, 4 жүзу құралдары және 8 мотопомпа келді. Оларды тізгіндейтін мамандарда бірге ере келді. Бәрі бірге жан аямай іздестіріп жатыр. Әзірге қолда бар техниканың көмегі көп тиіп тұр. Қайықпен, қажет құрал-жабдықпен жігіттер қолық қаруланған.

– Бәрібір іштей қорқыныш болады. Оны қалай жеңесіздер?

– Мұнда өз ісінің кәсіби мамандары жиналған. Олар қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтай отырып, әрекет етеді. Сондықтан мүлт кеткен жерлеріміз болған жоқ. Әрине, табиғи апат ойламаған жерден орын алуы мүмкін. Бірақ оған әріптестеріміз сақалай сай. Бұл жерде бізге тапсырма берілген соң, оны жауапкершіліккен атқаруға тиіспіз. Егер қорқынышқа ерік беретін болсақ онда ісіміз алға баспайды. Қаншама халық бізге сенім артып отыр. Олардың әрқайсысының жайы біздің електен өтеді.

– Үйдегі отбасының алаңын қалай басасыздар?

– Иә, бір құтқарушы қапияда көз жұмғаны әлеуметтік желіде шарлап кетті. Құдайдың жазғаны солай болар. Қызметтің аты қызмет, онда тәртіп керек. Халықтың басына қайғы туғанда бұғынып қалғанымыз жарамас. Мұнда байлыныс өте нашар. Әйткенмен әріптестеріміз отбасымен жиі сөйлесіп тұруға тырысады. Жан аямай еңбет етіп жатқан олардың ісіне отбасы да қолдау көрсетуде. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармасақ болмайды. Кеше Мемлекет басшысы халықты сабырға шақырды. Бұл алапат та өтер. Халыққа Құдай сабыр берсін!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жетісу облыстық ТЖД
Өзгелердің жаңалығы