Жетісулық құтқарушылар батыспен бірге

Батыс Қазақстан және Абай облысында көмекке барған жетісулық құтқарушылар елдегі жағдай тұрақталған соң Талдықорғанға бір-ақ қайтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, палковник Нұрлан Бекбосыновтың айтуынша, қауіпсіздік сақшылары қарғын судан зардап шеккен халықтың қасында әлі біраз болады.

Біз 20-дан астам әріптесімізді су тасқыны болып жатқан аумаққа аттандырдық. Міне, содан бері 1 айға жуық уақыт өтті. Әлі де қауіп сейілер емес. Халықтың алаңы басылғанымен, су көлемі азаймай тұр. Бүгінде абайлықтарға 14 қызметкеріміз, ал оралдықтарға 4 қызметкеріміз көмектесуде. Олардың жағдайы жақсы. Біз отбасыларына хабарласып, уайымдамауын жеткіздік. Әріптестеріміз белсене еңбек етіп жатыр, - дейді Нұрлан Бекбосынов.

Айта кетейік жетісулық құтқарушылар Абай жеріне өткен айдың аяғында аттанған болатын. Суға кеткен азаматтарды тауып, халықты қауіпсіз аймаққа тасыған еді. Енді қолдан бөгет тұрғызып, су тасқынына алдын ала дайындық шараларына қатысып жатыр.

Ал батысқа көмекке кеткен жетісулықтар су басқан ауыл маңайына жүр. 14-ші сәуірден бері сол маңда. Орал қаласының іргесіндегі саяжай алаптарының аумағындағы тұрғындар мен жануарларды құтқарып жатыр. Одан бөлек эвакуациялау жұмыстарына белсене қатысуда. Олар 3 арнайы техника, 3 мотопомпа, 6 жүзу құралдарымен қамтамасыз етілген.

Аталған департамент қызметкерлерінің мәліметінше, батыстағы су тасқыны әлі де үдей түсуі мүмкін. Сондықтан жан-жақтан барған құтқарушылар топан су азаймай тұрғылықты мекенжайына қайтпайды. Сондағы зардап шекен халықтың қалауы да осы. Талап бәріне ортақ. Құтқару жұмыстарына тағы техникалық қажет болған жағдайда жібереді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы