Жетісулық оқушылар электронды темекіге әуес
Жетісуда мектеп оқушылары электронды темекі көп тартады. Қазір осы мәселе бойынша полиция департаменті тексеріс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біреу қыз алып қашады, біреу қызық қуып қашады демекші, өңірде электрондық тұтыну жүйелерін пайдаланатын жастардың қатары көбейген. Тіпті оларды тасымалдаушы курьерлердің өзі студенттер қатарында. Қазір өңірлік полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандарымен бірлесі алдын-алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Өкінішке қарай, осындай жағымсыз затты пайдаланатын жастардың қатары күннен күнге артып келеді. Біз темекі өнімдерін немесе вейп сияқты электрондық тұтыну жүйелерін заңсыз сату фактісі бар бірнеше оқиғаны куәсі болдық. Қазір сол іс бойынша ұсталғандарды сотқа дейін тергеп-тексеріп жатырмыз. Одан бөлек ата-аналармен жұмыс істеуді бастаймыз. Себебі балалар зиянды заттың байыбына бармай қолдануға әуес, - дейді өңірлік полиция департаментінің ЖПҚБ бастығының орынбасары Аида Белгібаева.
Жалпы тінту нәтижесінде құқық қорғау органдары 1284 дана вейп тәркілеген. Бұл өнімдер заңсыз айналымда жүргені анықталған. Бүгінде осы мәселеге қатысты шаралар қатаң бақылауға алынған. Мектеп оқушыларына алдағы уақытта түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Электрондық темекі денсаулыққа үлкен зиян. Өкінішке қарай, жастардың аталған затқа қызығушылығы үдеп барады. Әсіресе, қыздар жағы жиі қолданады. Себебі иіссіз, киімге сіңбейді. Бірақ оның қауіпі темекіден он есе жоғары. Түрлі жазылмайтын ауруларға әкелуі мүмкін. Мұны шетелде пайдалануға мүлде рұқсат бермейді. Әсері жаман, - дейді дәрігер Алтын Оңласбаева.