Жетісулық кәсіпкер қант қызылшасынан төрт түрлі өнім шығара бастады

Жетісу облысында жеке кәсіпкер қант қызылшасынан бірнеше өнім түрін шығаратын цехты іске қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Талдықорғандық Олжас Найзабеков алдымен Қазақстан Республикасының Тағамтану институтының мамандарымен кеңесіп, қызылшадан экологиялық таза өнім түрлерінің өндірілуін зерделеді. Біршама зерттеулерден қорытынды жасап, ақыры өңдеу ісін бастауға кіріскен. Сөйтіп, өткен жылдың соңына қарай 2 мың шаршы метр болатын екі бөлмелі өндірістік ғимарат тұрғызып, цех жасақтады. Ішіне қант қызылшасын өңдейтін, қолдан құрастырылған құрал-жабдықтар орнатты. Бұл жабдықтардың қуаты шамамен айына орта есеппен 3 тонна шикізат өңдеуге қауқарлы. Алғашқы лекте Көксу ауданынан 3 тонна қант қызылшасын сатып алған. Алдағы уақытта ісі ілгерілейтін болса, басқа аудандардан да шикізат сатып алатынын айтады. Цехта бүгінге дейін 1 тонна қант қызылшасынан 300 литрге жуық шәрбәт дайындалған.

Жас кәсіпкер алдағы уақытта қызылшаның қай сортының өнімділігі жоғары екенін жұмыс барысында барлап-бақылап, кейін шығымы, қанттылығы жақсы тұқымды өзі де егіп бастап көрмекші.

Әзірге цехтағы жұмыстың бәрі қол күшімен жасалады. Яғни қызылшаны қолмен жуамыз, сосын көкөніс кешкіш құралға апарып саламыз, тартамыз. Одан шыққан ұсақ кесінділерді отқа қойып он сағат қайнатып, шырынын аламыз. Өңдеуден қалған жомды кептіріп, оны да кәдеге жаратамыз. Сөйтіп жалпы саны 4 түрлі өнім аламыз, - дейді кәсіпкер Олжас Найзабеков.

Цех басшысының айтуынша, әзірге өнім шығаруда шәрбәт пен жомға негізгі басымдық беріліп отыр. Бұл ретте қайнатылған сұйықтықтың қанттылығын төмен деңгейде дайындаса – компот, қанттылығын 20% мөлшерінде дайындаса – квас, ал 30%-дан асса, шәрбәт болып шығады. Компот пен квас сусын ретінде пайдаланылса, шәрбәтқа кондитерлік салада сұраныс көп, сол сияқты көктемде ұйқысынан оянған бал араларын азықтандыруда да пайдасы мол. Ал жомды жұмыртқаны жарып шыққанына бір күн болған жас балапандарға берсе, балапанның тез ширап көтерілуіне оң ықпал етеді.

Тағамтану институты шығарған өнімдеріміздің қауіпсіз екенін растады. Осыған байланысты шәрбәттарымыздың алғашқы легін Текелідегі прәндік шығаратын кәсіпорынға тесттен өткізуге жөнелттік, Алматыдағы «Алматы Боттлерс» компаниясына да жіберілуде. Болашақта осы және басқа да кондитерлік мекемелермен, құс және омарта шаруашылықтармен келісімдер жасаймыз деген жоспарымыз бар, - дейді О. Найзабеков.

Кәсіпкердің бір арманы – цех жұмысын автоматтандыруға күш салу. Ол шетелдік компаниялардың қызылшаны жуып, кесіп, қайнатып, жомды кептіру процестерін түгелдей өзі атқаратын арнайы құрылғыларын мемлекеттік бағдарламалардың қолдауына жүгіне отырып, сатып алсам деп армандайды. 

«Жұмыс толық автоматтандырылатын болса, онда цехтың қуаты еселеп артар еді», - дейді ол. Әзірге кәсіпкер 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта жоспары іске асып, цехтың іргесі кеңейіп, қуаты артып жатса, жұмысшылардың да саны көбейетін болады.

Кәсіптің бұл түрін бастауға өңірде қант қызылшасы алқаптарының ұлғайтылуы себеп болған. Жалпы өткен жылы облыста 8 500 мың га жерге тәтті түбір себіліп, Ақсу, Көксу зауыттарына 330 мың тонна шикізат өткізілген болатын. Биыл 11 500 гектарға жуық жерге егу жоспарланып, одан 460 мың тонна қант қызылшасын алу межеленіп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы