Жетісулық фермер елу шақты ауылдасын жұмыспен қамтып отыр
Ескелділік кәсіпкер Сымбат Серқожаевтың ауылдастарын тұрақты жұмыспен қамту бастамасы біртіндеп үлкен ферма құру ісіне ұласты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жетісу облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір оның 120 мың бөдене өсіріп отырған ірі фермасы - еліміздегі ең іргелі шаруашылықтардың бірі. Өзі тұратын 1100 тұрғыны бар Ешкіөлмес ауылының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға ферма елеулі ықпал етіп отыр. Шаруашылық осында жұмыс істейтін ауылдың елу шақты азаматының отбасын тұрақты табыспен қамтуда. Ферманы іске қосудың арқасында өңір экономикасына 500 млн. теңгедей инвестиция тартылды. Жұмысшылардың орташа жалақысы 150 мың теңге шамасында. Бөдене фермасының пайдалы өнімі тек жергілікті нарыққа ғана емес, сонымен қатар еліміздің басқа да ірі қалаларында саудаланып, Қырғызстанға экспортталады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын туған ауылымда тұрғындарға тұрақты табыс әкелетін кәсіпорын неге жоқ деп ойландым. Туыстарыма, достарыма жұмыс тауып берсем деген ой келді, жерлестерімді бір ортақ іске біріктірсем деген ниет туындады. Бірнеше нұсқаны қарастырып, соның ішінде бөдене фермасын ашу туралы ой көңілге қонымды деген шешімге келдік. Оның басты себептерінің бірі, шағын аумақта құс басын өсіруге барлық мүмкіндікті жасауға болады. Оның етінен де, жұмыртқасынан да пайда таба аламыз. Сонымен өз қаражатымды салып, осы идеяны жүзеге асыра бастадым. Бауырларыммен, достарыммен бірге бизнес-жоспар әзірледік. Сөйтіп алғашқыда бөдененің 200 балапанынан бастадық, кейін 2 мыңға жеткіздік, одан әрі 15 мыңға, біртіндеп құс басы 100-150 мыңға жетті. Табысқа жету үшін алдымен құсқа сапалы жем керек, мұнан соң әрине, қолға алған іске деген сүйіспеншілік қажет. Туған жерім мен ауылдастарыма пайда әкелуге деген ұмтылыстың да ықпалы болды. Біздің бүгінгі жетістіктеріміздің бәрі де – жұмыла жұмыс істей білгеніміздің айқын көрінісі, - дейді «Сәлем Құс» ЖШС бас директоры әрі инвесторы Серқожаев.
Оның айтуынша, жергілікті фермада қолданылатын бөдене жемінің нәрі мол, оның ішінде жүгері, соя, бидай, балық сүйегінің ұны, күнбағыс жомы және т.б. жиырма шақты құнарлы заттар бар. Бұлардың барлығы да - елімізде өсіріліп, өндірілген азықтар. Фермада құсты азықтандыру ісіне аса талғаммен, мұқият қараудың арқасында жоғары сапалы өнімге қол жеткізіліп отыр.
Бізге орын тарлық ете бастағанда кеңейту мүмкіндіктерін іздей бастадық. Сөйтіп қараусыз қалған бұрынғы кірпіш зауытының орнына қоныс теуіп, жұмыс процесін қайтадан толық қалпына келтірдік. Фермамыз жұмыс істеп тұр, енді ауланы абаттандыруымыз керек. Қазір 150 мың басқа арналған екінші құс қора-жайын салып болып қалдық. Құрал-жабдықтар Украина мен Қытайдан жеткізілді. Мәселен, инкубатор 56 мың жұмыртқаға лайықталған. Әр 5-7 күн сайын салмағы 30-40 грамм болатын 14 мың бөдене балапаны шығарылады. 1,5 айдан кейін жақсы күтімнің арқасында олардың салмағы 200-250 граммға жетеді, соның 150-200 грамы - таза салмағы, - деп түсіндірді фермер.
Бөдене фермасында «ясли» деп аталатын топ бар, онда жаңа шыққан балапандар орналастырылады, олар әдеттегі балапандардан екі есе кіші, бірақ екі есе жылдам әрі тынымсыз.
Кішкентай бола тұра мұндай шапшаң жетілу ең алдымен сапалы жем беру мен барлық талаптары сақтай отырып күтіп-баптаудың арқасы, - дейді бас директор.
Жұмыртқаларды инкубаторға салудан бастап, ересек бөденелерден жұмыртқа алуға дейінгі бүкіл процесті өндіріс меңгерушісі Батима Дадамбаева бақылайды, ол мұнда ферма құрылған 2019 жылдан бері жұмыс істейді.
Құстарға күтім жасау баланы күтіп-баптаумен бірдей. Уақытында тамақтандырып, жылы, таза ұстау керек, сонда жақсы жұмыртқалайды. Қазір күніне 20 мыңға дейін жұмыртқа аламыз, - дейді Дадамбаева.
Өз жетістіктері жайлы айтқанды аса қаламайтын Сымбат Серқожаев өндірілген өнімнің жай-күйі туралы әңгімеден қашпайды.
Бөдененің еті құнары мен дәмі жағынан тауық пен күркетауық етінен өзгеше. Бөдене жұмыртқасы дәрумендерге бай, аллергия тудырмайды. Иә, қымбатырақ бағаланатыны рас, сонысына қарай ол денсаулыққа өте пайдалы. Қазір біз өз өнімдерімізді Қазақстанның түрлі қалаларына, соның ішінде Астана, Алматы, Ақтауда сатамыз. Сондай-ақ қырғызстандық серіктестермен тығыз байланыстамыз. Ай сайын олар бізден 15-25 мыңға дейін бөдене сатып алады. Жалпы біздің фермада айына 600 мыңға дейін жұмыртқа, 3 мың келіге жуық таза ет өндіріледі, - дейді Серқожаев.
Көрсетілген мемлекеттік қолдау жайына келетін болсақ, мемлекеттік бағдарламалар аясында фермаға электр желілері тартылып, жеке трансформатор орнатылған. Фермерлер табиғи газды асыға күтуде. Көгілдір отынға қосылу арқылы шығындарын азайтамыз деп жоспарлап отыр. Бөдене өсіру үшін тұрақты температура режимін сақтаудың маңызы зор. Осы орайда электр энергиясымен, көмірмен емес, газбен жылыту әлдеқайда жеңіл әрі үнемді болмақ.
Айта кетсек, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының хабарлауынша, қазіргі кезде Ешкіөлмес ауылын газдандырудың жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған, нақтылауға бюджеттік өтінім берілді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге конкурстық рәсімдер мамыр айында өтуі тиіс. Жобаның жалпы құны шамамен 340 млн. теңге. Жалпы, қазіргі кезде Қарабұлақ, Өрқусақ, Сырымбет, Екпінді ауылдарын қосқанда ауданның 4 елді мекені газдандырылды, газға 14 мың тұрғын қол жеткізе алады.
Мемлекет бизнеске жақсы қолдау көрсетіп отыр. Бізге инфрақұрылым жағынан көмектесті, бұл одан әрі алға жылжуымызға үлкен мүмкіндік берді. Енді ауылға газ келеді деп күтіп отырмыз. Бұл біраз шаруамызды жеңілдетеді. Бөдене фермаларына жеңілдіктер қарастырылып, субсидия берілсе, тіпті жақсы болар еді. Өткен қыста қатты суық болуына байланысты логистикалық мәселелер туындап, тасымалдау кезінде қажетті температуралық режимді сақтай алмадық, тиісінше өнімді сатуда да бірқатар проблемалар болды. Мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы барлық мәліметтер жинақталған бірыңғай ақпараттық портал болса бұл пайдалы болар еді, әзірге мұндай мәліметтерді әр жердегі дереккөздерден алып отырмыз, - деп атап өтті Сымбат Серқожаев.
Алдағы уақытта кәсіпкер өз шаруашылығын 300 мың басқа дейін кеңейтуді, өндірістің қуаттылығын арттыруды жоспарлап отыр.
Біз экспортқа шығуды емес, ең алдымен ішкі нарықты халықтың денсаулығын жақсартуға септесетін сапалы жаңа өніммен толықтыруды мақсат етіп отырмыз. Ферманың іргесін кеңейтсек, жұмыс орындарының санын көбейтіп, 100-ге дейін жеткізсек деген жоспарымыз бар. Әлі де түрлі идеяларымыз, нақты жоспарларымыз ойда, бірақ олардың қашан жүзеге асырылатынын уақыт көрсетеді. Арық айтып семіз шық деген ұстаным дұрыс деп ойлаймын, - деп сөзін түйіндейді бас директор.
Жалпы ауыл тұрғындары Сымбат Серқожаевты іскер азамат деп біледі. Ол ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамытуға меценаттық жасап, үлес қосып келеді. Атап айтқанда, ауылдық футбол командасын үнемі қолдап отырады. 2006 жылдың көктемінен бері кәсіпкер әртүрлі елдерден кәсіби футболшыларды шақырып, жергілікті спортшыларды үйрету, өзара тәжірибе алмасу үшін футбол жарыстарын ұйымдастыруда. Мәселен, жуырдағы демалыс күндері өткен жарыстарға Ескелді ауданының 14 командасы қатысып, ақшалай сыйлықтарға, ауыспалы кубокқа ие болды.