Жетісулық ескерткіштердің мұңы
Жетісу ескерткіші көп облыс. Бір Талдықорғанның өзінде 20-ға жуық мүсін бар. Ірі тұлғаларға арналған қоланың қойылуына еш дауымыз жоқ. Тек олардың күтімі көңіл көншітпейді. Құс саңқып, маңайы қоқысқа толып жатады, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Мүсіндер мерейтойын күтеді
"Мерейтойын күтеді" дегеннен шығады, жақында облыс орталығында орналасқан мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтің ескерткішінің алды тоз-тозы шығып, төсеме тастардың жарылып жатқаны әлеуметтік желіде үлкен дау туғызды. Ақынның туған күні қарсаныңда Жастар саябағына өлең оқуға шыққан жастар мен қоғам қайраткерлері алып тұлғаның мүсініне қала әкімдігінің қарамағанын сынаған еді. Артынша жауапты мамандар ескірткіштің алдына жарық орнатып, шағын жаңғырту жұмыстарын істеді. Мұнда қала әкімдігі саябақта халық көп қыдырады, заттардың қауіпсіздігіне толық жауап беру мүмкін еместігін жеткізген. Дегенмен мүсіннің алды "қоғамдық дүмпуден" кейін әжептеуір көркейіп қалды.
Сөйтсек, мәселе мынада екен. Тарихи тұлғалар һәм тарихи оқиғаларға арналған ескерткіштерге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары әр 5 жыл сайын жүргізіледі. Мейлі ол Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері не Ауған соғысы ардагері болсада. Талап бойынша, мерейтойы келгенде ғана мемлекет назар аударады. Оғанға дейін еңселі ескерткіштер жаңбырдың суына жуынып, боранмен тазарады.
Біз осы орайда Жетісу облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасына хабарласып, мынандай мәліметтер алдық. Өңір бойынша қалақұрылысы және сәулет ескерткіштерінің жалпы саны – 229. Оның ішінде мемлекеттік тізімде – 103, алдын-ала тізімде – 126 ескерткіш бар. Барлығы дерлік мемлекет қарауында.
Ескерткіш орналасқан округіне байланысты күтіп баптауына жергілікті орган (жергілікті әкімшілік) жауап береді. Мерейтойына орай жергілікті атқарушы билік қажеттілікке қарай өз аумағында орналасқан ескерткіштерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Ескерткіштердің бәрі біздің қадағалауымызда, - дейді жауапты маман Ғалымжан Айданақұлов
Соңғы жылдары Жетісуда ірі тұлғалардың мерейтойына орай ескерткіш қою белең алды. Сол тұлғаның атынан қоғамдық қор құрған ұрпақтары жеке қаржысына облыс әкімдігімен ымыраласа отырып, облыс орталығындағы ашық алаңдарға тұғыртастар орнатты.
Экс-президенттің мүсіні толығымен жойылды
Қаралы қаңтар оқиғасынан кейін, Талдықорғандағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші құлатылған еді. Бұл әңгіменің жәй-жапсары көпке аян. Оны жіктемей-ақ қояық. Біздің айтпағымыз "экс-президент ескерткіш қайта орнатыла ма?", "одан бері 3 жыл өтсе де неге тұғыртасы әлі қаланың ортасында тұр?" деген сауал халық көкейінде де, БАҚ өкілдерінің өзегінде бүр жарғаны қашан? Алғашқы сұраққа, қала тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев қайта орнатылмайтынын айтып, нүкте қойған еді. Әйтсе де тұғыртасы әлі күнге менмұндалап тұрды. Жақында тұғыртасы да алынды.
Назарбаевқа арналған ескерткіш қаңтар оқиғасында құлатылған, алайда ескерткіш жергілікті атқарушы орган теңгерімінде болғандықтан қалалық әкімдік жауапты. Қазіргі таңда, ол жерге жаңадан сәулет ескерткішін орнату қарастырылмаған. Алайда ескерткіш арнайы комиссия шешімі негізінде орнатылады, - дейді басқарма мамандары.
Абай көшесінде орнатылған Назарбаев ескерткішінің орнына Абай Құнанбаевтің мүсінір қою керектігі қоғам талқысына түскен еді. Десе де Қоғамдық кеңес өкілдері ақылдаса келе, алып ақынның бейнесі Талдықорғандағы театрдың алдына жайғасты. Жыл басында қала әкімдігі халықтың тілегін ескере отырып, құлатылған экспрезидент мүсінінің тұғыртасын алып тастады.
Сіздің 2024 жылғы 7 ақпандағы №358 өтінішіңіз Талдықорған қаласының әкімдігінде қаралды. Талдықорған қаласының орталық алаңындағы ескерткіш тұғырының бөлшектелуіне байланысты ескерткіштің төменгі бөлігінің қалдықтары орталық алаңның сәулеттік келбетіне кері әсерін тигізетіндіктен алынғандығын хабарлаймыз. Бүгінгі таңда аталған жерде қандай да бір мәдени нысан немесе ескерткіш салу жоспарланбаған. Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес, осы жауаппен келіспеген жағдайыңызда, жоғары тұрған әкімшілік органға немесе сотқа шағым жасауға құқығыңыз бар, - дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Олжас Құрмашев.
Енді І.Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінің жанындағы шағын саябаққа не орнатылады деген сауал туындап отыр. Облыс әкімдігі алдындағы демалыс алаңының сәні кеткелі қашан? Қала әкімдігі бұл сұраққа жауап бере алмады. Ал қала тұрғындары Абай өлеңдерінен көлемді композициялық мүсін орнатуға болатынын айтады.
Жеке тұлғаға арналған ескерткіш көп. Бір қалыпты, бір-бірінен ешқандай ерекшелігі жоқ. Сондықтан заман талабынан сай абстракцияға толы, бөлек жанрдағы мүсіндер соқса дейміз. Бұл жастарға да қызық болады. Абай көшесінде ақынға қатысты композициялар болғаны дұрыс шығар. Неге десеңіз, қоғамның жанына солай жақындай түсеміз. Жастармен де кеңескен абзал, - дейді қоғам қайраткері, ақын Әли Ысқабай.