Жетісулық экскаваторшы мемлекеттік награда алды
Одан бөлек құрылысшы, театр әртісі, мұғалім, мейірбике, балабақша тәрбиешісі, дихан, теміржолшы секілді еңбек адамдары бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Республика күні қарсаңында Жетісу облысының әкімі бірнеше сала маманына мемлекеттік награда табыстады. Олардың ішінде облыс әкімінің орынбасары, аудан басшылары да бар. Оған қоса Жетісу жерінде халық әртісі атағына тағы бір өнер иесі лайық деп танылды. Ол – белгілі театр әртісі Әлихан Ыдырысов. Онға тарта адам Жетісу облысының Құрметті азаматы атағын алды. Жалпы 35 адамға мемлекеттік награда табысталды.
Елдің ертеңі, ұлттың абыройы маңызды. Жетісу өңірі жылдан жылға дамып келеді. Түйіршіктен тау құралады. Осы жетістіктердің бәрінде сіздердің әрқайсыларыңыздың үлестеріңіз бар екенін ризашылықпен айтамын. Жетістік оңайлықпен келмейді, адам жеңіске де, абырой мен құрметке де маңдай терімен, еңбегімен жетеді. Жетісудың мәртебесін көтеріп, адал еңбектің үлгісін көрсеткен алдыңғы буын ағалар мен апаларымыз аз болмаған, - деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.
Ең маңыздысы бұрынғыдай шенеуніктер, қолында қызметі бар, қалтасында ақшасы бар адамдар алатын марапатты бүгінде қарапайым еңбек адамдары да алып жатыр. Мәселен, «Талдықорғанжылусервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының экскаватор жүргізушісі Қажымұхан Бүкпенов бірінші рет мұндай атаққа ие болып отыр.
Республика күні еліміз үшін ұлы мереке. Осы күні осындай құрметке ие болып жатқаныма қуаныштымын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Біз қарапайым экскаваторшымыз. Балалардың қамы үшін осы мамандықты таңдадық. Қаншама жылдан бері еңбек етіп келемін. Мұндай құрметті күтпедім, - дейді экскаватор жүргізушісі.