Жетісуға ондаған су қоймасы қажет

Облыс көлемінде 2029 жылға дейін 7 су қоймасы, 1 бөгет салу жоспарланып отыр. Бұл тек қана қарғын судан келер қауіп үшін емес, егінге қажет суға да үнем болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ағайынның алаңы басылмай отыр

Жетісу табиғи апаттан аман шықты деп аяқты аспанға көтеруге әлі ерте. Қайта биыл қар қанша қалың жауғанымен біртіндеп еріп, облыстық төтенше жағдай департаменттің аса әбігерге салмады. Дегенмен, алакөлдік ағайынның алаңы басылмай отыр. Оған себеп, іргедегі Жаманты өзенінің көктем келе, ағыны үдем, жағаны тоқпақтайтыны. Қар қалың жауған мезгілдерде арнасынан асып, маңайындағы ауыл-аймақтың зәре-құтын қашырады. Сондықтан Ырғайты елді мекеніндегі ел-жұрт су қоймасының қажеттілігін айтуда.

Жоңғар Алатауының сілемінен еріген қар әуелі Жаманты өзініне келіп құяды. Содан көктемде өзен 1 метрге дейін биіктейді. Мал өзен бойлап жайылады. Су тасыса бәрі кетейін деп тұр. Елдегі жағдай бізге сабақ болуы тиіс. Апат айтып келмейтінін ескерсек. Осы маңға үлкен су қоймасы ауадай қажет. Жергілікті билікке біз талай рет ескерттік, олар енді қамданып жатыр. Ырғайты ауылының халқы түгелдей судың астында қалғалы тұр. Мыңнан астам адам тұрады. Ойлаудың өзі қорқынышты, қашып та үлгере алмай қаламыз. Ал жаз келсе егінге су жетпейді, дейді ауыл тұрғыны Есенкүл Егембердіқызы.

Мамандардың айтуынша, қазір өңірге ондаған су қоймасы қажет. Себебі Жетісуда өзендер көп, олар тасыса маңайдағы жұрттан маза кетеді. Мәселен, Көксу ауданында үлкен Быжы өзені көктемде бір тасып алады. Одан бөлек Көксу өзенінің басында отырған жұртта көктемді сақтықпен отырады. Ал Ақсудағы майда-майда өзендер Қызылағаш су қоймасының көлемін арттырып отыр. Сондай-ақ Ескелдідегі өзендердің де арына қатты. Ал мына Жамантыны жайы расымен бөлек. Өйткені осы айдың басында арнайы топ құрылып, өзен бойын аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізген еді. Жергілікті билік 1-2 жылда мәселе толыққанды шешілетініне сендіріп отыр.

5 жыл ішінде өңірде 7 су қоймасы, 1 бөгет салу жоспарланған. Оның бірі осы Алакөл ауданындағы Ырғайты ауылдық округінде орналасады. Яки, елдің тілегі ескере отырып Жаманты өзенінен салынады. Қазір соған сай жұмыстар басталып кетті. Аталған су қоймасына 10 млн текшеметр су жиналады. Бәрі жоспарға сай жүзеге асса халық топан судан қорғанып қана қомай, егіншілікке қажет судан да таршылық көрмейді. Осыған орай техникалық негіздемесін жасалынып, жобалық-сметалық құжаттамасын дайындалды. Келер жылы ресми жұмыс жүреді, - дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Шампиков.

Жалпы, Алакөл топырағында XIX ғасырдың басында Ақтоған, Қаратоған, Есіркеп тоғаны қазылып, ауыл тұрғындары егін шаруашылығы еркін айналысқан. Кейіннен Тентек өзенінен бөгет салынып, ескі каналдар ірі суару жүйесіне айналды. Бұл шамамен 1975 жылдар аралығында болған оқиға. Былтырдан бері Тентек бөгетіне қайта жаңғырту жұмыстары жүріп, суармалы алқаптың көлемі артты.

Ақши мен Көктұма ауылында су тапшы

Шипалы көлдің тура іргесінде орналасқан қос ауыл да жазда егін суғаратын судан тапшылық көреді. Ал Алакөлдің суы ащы суғаруға келмейді. Сондықтан халық өзен жағалауға мәжбүр. Мұны бізге Алакөл аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Манатбек Рысбеков айтып берді.

Бүгінде ауданда суармалы жердің көлемі 40 мың гектарға жетіп қалды. Оны Тентек бөгетінің оң және сол жағалауы арқылы қамтамасыз етудеміз. Осы тәсіліміз қант қызылшасын еккен шаруаларға да сеп болды. Дегенмен, жаздың ортасына таман Тентек өзенінің суы саябырсыған уақытта егіншілер су тапшылығын көреді. Әсіресе, бұл жағдай Ырғайты ауылдық округіне қарасты Ақши мен Көктұма ауылдарында қатты байқалады. Алдағы уақытта Жаманты су қоймасы іске қосылса суармалы жер көлемін 5 мың гектарға созуға болады. Қант қызылшасымен айналысқысы келетін ауыл азаматтарының саны артар еді. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикасына да үлкен сеп, - дейді М.Рысбеков.

Ақшиліктер мен көктұмалықтардың ауыл маңында тоған қазып, тау етегіне егін егу ежелгі кәсібі. Уағында тауды жағалата канал қазып, Жаманты өзенінен су жүргізген екен. Ауыл ақсақалдары оны әлі күнге «Сарықамыстың тоғаны» деп нұсқайды. Бертін келе су тасқыны себенінен жер көшкіні жүріп, тоғаннан су жүрмейтін болған. Содан бастап тұрғындар судан тарыққан екен. Ол ол ма, егіншілікке ебі бар ағайын су таппай зар илеген кездері де болған.

Өкінішке қарай, кеңес өкіметі тұсында қазылған канал арқылы келетін су 4 мың гектарға жуық егісті суғаруға ғана қауқарлы. Сол суды шаруалар үлкен егіске бұрса, ауылдастары бақшасын суғара алмай дал болады. Жерлестер бір-бірімен қырық-пышақ болады. Ал сол суды елді мекенге кіргіссе, егін басындағылар қиналады. Сол себепті де жергілікті жұрт Жманатыға су қоймасын салу идеясын көтерген екен.

Аты Жаманты болғаны мен заты жақсы. Ерте де ағысы адам ілестірмейтін дауылдай аласұрған алып өзен еді, кейіннен тарылды. Біздің бала шағымыз осы өзенмен байланысып жатыр. Көктеме тасығанда арғы бетіне жете алмай қиналатынбыз. Қазір ғой арыны қайтып, саябырсығаны. Табиғатта бұрынғыдай мейірімді емес. Бүгінде егін суару науқаны ел дүрлігеді де жатады. Құдай бұйыртып, су қоймасы салынса, ауыл жұртыны көңілі бір шалқыр еді. Ел азаматтары 2026 жылға дейін жоба аяқталып, ел игілігін көреді деп отыр. Солай-ақ болсын, - дейді Көктұма ауылының ақсақалы Кәріпбай Оңбасынов.

Мердігер не дейді?

Біз осы ретте сол жобаға жауапты мердігермен тілдескен едік. Себебі, Жетісуда болған «Қызылағаш оқиға» әлі де халық жадынан өшкен жоқ. Оңайлықпен өшпейді де. Су қоймасының пайдасы көл-көсір дегенімен, халықтың қауіпсіздігі одан да маңызды. Осы жобаны қолға алған «Тау сәулет» ЖШС аталған басқарманың арнайы шақыртумен Өскеменнен келген. Себебі мекеменің бұл салада тәжірибесі мол.

Біз Жетісу облыстық ауылшаруашылығы басқармасының шақыртуымен арнайы келдік. Міндеттіміз Жаманты өзенінен су қоймасының техникалық негіздемесін жасау. Бұған дейін Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданы осындай жұмыстар атқарғанбыз. Шағым болған жоқ. Одан бөлек Сарқандағы су қоймалары мен бөгеттерді қайта жаңғыртуға қатысты техникалық негіздемені іске асырдық. Нәтижесіне жұрт куә. Алдын ала зерттеу нәтижесіне сүйенсек, Жаманты өзенінен су қоймасын салу өте ыңғайлы. Техникалық негіздеме талапқа сай жасалса, 10-15 млн текшеметрден суды еркін жинауға болады. Тиісінше, 10 мың гектар егіс алқабы суға қарық болады, - дейді компанияның жобалау бөлімінің басшысы Сансызбай Мұңғылбаев.

Бүгінде облыс аумағында сумен қамтамасыз ететін 15 нысан бар. Оның 2-еуі су қоймасы. Сондықтан су шаруашлығына жауапты мамандар аграрлы өңірге су қоймалары ауадай қажет екенін жарыса жазуда. Себебі жылдан жылға Жетісуда егіс алқабы көбейіп келеді. Ал су үнемдеу технологиясы жөнді қолға алынбаған. Жаңбырлатып не тамшылатып суару тәсілін шағын шаруалар қолдана алмайды. Құны қымбат болғандықтан, фермерлердің қолы қысқа.

Жаманды су қоймасы салынса, қосымша екі канал қазылады. Алғашқысы егіске жүргізілсе, екіншісі көктұмалықтарды қуантпақ. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орны ретінде де көмегін тигізбек. Шомылу маусымында Алакөлге келген туристер өңірдің таза өнімін тұтынып, жергілікті бақшада өскен көкеністі сатып ала алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы