Жетісуды абаттандыруға 5,9 млрд бөлінген

Дегенмен жетісулықтар көгалдандыру жұмыстарына көңілі толмай отыр. Жыл соңына дейін 1,6 млрд теңгеге 117 балалар, спорт алаңдарын абаттандыру жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде 47 алаң аяқталған. Алакөл, Кербұлақ, Панфилов ауданы және Талдықорған қаласы аумағында 437,7 млн теңгеге 8 саябақ жөнделуде. Оның ішінде Көксу және Кербұлақ ауданы бойынша 2 саябақ қолдануға берілді.

34 үйдің шатырын жөндеу жұмыстары және 702,5 млн теңгеге 10 КЖО қасбеті жүргізілуде. Оның ішінде 13 үйдің шатырын жөндеу жұмыстары аяқталды. Текелі, Сарқан, Көксу аудандарындағы жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ, Ақсу ауданы мен Талдықорған қаласының 25,8 км арық желілерін 1,2 млрд теңгеге қайта жаңарту және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 8,3 км орындалды, - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.

Жалпы, өңірде экологиялық акцияна 173 мыңнан астам адам тартылған. 1200 арнайы техникамен 7150 тонна қоқыс жиналып, шығарылған. Оған 728 кәсіпкер және 1 233 әлеуметтік нысан жұмылдырылған. Облыс аумағындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін ағымдағы жылдың соңына дейін 115 мың ағаш отырғызу көзделуде. Оның ішінде көктемгі кезеңде 59 мың отырғызылса, күзгі кезеңде 56 мың отырғызылмақ.

Жетісу жасыл желекті өңірдің бірі, дегенмен соңғы жылдары саябақтарды, есік аулаларын, көшелер мен алаңдарды көгалдандыру жұмыстары шала жүргізіліп жүр. Қағаз жүзінде бәрі керемет. Облыс аумағына көктемнің басында гүл еккенімен, аптап ыстықта жарымы қурап қалады. Бұрынғыдай халық та көпқабатты үйінің алдына гүл егіп, жеміс ағаштарын түптеуді білмейді, - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Айнагүл Көпжасарова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы