Жетісудағы жәрмеңке: 137 тонна жаңа өнім қолжетімді бағамен сатылды
Жетісу облысында өңірдің 8 ауданы мен 2 қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс орталығы Талдықорған қаласында өткен жәрмеңкеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев қатысты.
Талдықорған тұрғындары мен қала қонақтары жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен тікелей қолжетімді бағада балғын әрі сапалы өнімдерді сатып алуға мүмкіндік алды.
Жәрмеңкеде жалпы көлемі шамамен 137 тонна болатын 54 түрлі өнім ұсынылды. Атап айтқанда, 19,1 тонна көкөніс, 12,1 тонна ет, 3,5 тонна балық, 1,4 тонна сүт өнімдері, 20,4 тонна картоп, 7,7 тонна жеміс-жидек, 4 тонна қант, 0,8 тонна бал және шамамен 72 тонна басқа да түрлі өнімдер саудаланды.
Сатушылар мен келушілер жәрмеңкенің қос тарапқа да тиімді екенін жеткізді.
Бізде тауық етінен жасалған өнімнің түр-түрі бар, сонымен қатар жұмыртқаның бірнеше сортын ұсындық. Жәрмеңкеге 100 кг тауық еті, 50 кг балапан еті және қосымша субөнімдер алып келдік. Өнімдерімізге деген сұраныс жоғары, бұл өнімнің сапалылығы мен бағасының қолжетімді болғанының арқасында деп ойлаймын. Мысалы, бір дана жұмыртқаның бағасы 25 теңге мен 55 теңгенің аралығында, – дейді «Когер ЛТД» ЖШС фирмалық дүкенінің сатушысы Айгүл Сатыбалдина.
Негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және отандық өндірушілерді қолдау мақсатында Талдықорғанда ұйымдастырылған жәрмеңкеде 128,8 миллион теңгеден астам сомаға ауыл шаруашылығы өнімдерін сату жоспарланған.