Жетісудағы тұңғыш Шопандар тойы

Қырық жыл қой баққандарға құрмет көрсетіліп, үйір өрбітіп, табын күзеткен қауымның иығына шапан жабылды. Көксу ауданы Шаған тауының етегінде бұрын-соңды болмаған дүбірлі той өтті, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Бұл тойдың бұрынғы тойдан өзгешілігі сол, қазақтың ата дәстүрін жаңғыртып, төрт түлігін түгендеп өскен халықтың ең еңбекқор өкілдері қойшыларға ерекше қошемет көрсетілді. Қазақ күресі, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, алтыбақан, бәйге секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жер-жерден келген ағайын ұлттық тағамдардан дәм татты.

Жетісудың жері де елі де бай, әсіресе халқы мал шаруашылығына бейім. Әйтсе де көбіміз біле бермейміз, мал бағудың өзіндік қиыншылығы бар. Жаз жайлауды кезіп, қыс қыстауға көшіп, Шопан ата түлігін ит-құсқа жем қылмай баққан қойшы қауымының еңбегін көбіміз бағаламаймыз. Бүгін біз, ескі дәстүрді қайта жаңғыртып, аудандағы ардагер қойшыларды марапаттауға ниеттеніп отырмыз. Бұрында Шопандар күні тек қойшылардың ғана емес, мұқым халықтың мейрамы саналған. Бүгінде ауданымыз облыс көлемінде мал санынан көш бастап тұр. Соның бәрі сіздердің еңбектеріңіз», деген аудан әкімі Марлен Көлбаев аудан көлемінде аты шыққан шопандарға арнайы алғыс хат табыс етіп, сый-сыяпат көрсетті.

Торқалы тойда аудандық театр әртістері өнер көрсетіп, облыстық филармонияның қызметкерлері әннен шашу шашты. Жақында Абай елінде өткен аламан бәйгеде топ жарқан жүйріктің иесі Мұрат Күлтенов аудан басшысына алғыс айтып, атқа мінген қазақтың абыройы биік боларын жеткізді.

Биылғы төл маусымында 100 қойдан 102 төл алған «Алмалы» шаруа қожалығының қойшысы Тілеуберген Жақыпов осындай ұлттық тойлар жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілегін жеткізді.

Кеңес өкіметі тұсында шопандардан қадірлі адам болмайтын. Кеңшар мен ұжымшарлар арасында кімніі төлі көп, сол төрге шығып, тіпті депутат болып та сайланатын. Бертін келе бұл дәстүр ұмытылды. Кеңшарлар тарады, ұжымшарлардан татулық кетті. Дегенмен сол мәдениетімізді сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Әрине, мемлекет тарапынан қолдау болмай бұл істің бұлыңғыр тарта беретіні анық. Ауданның арда азаматтарының ауызбіршілігінің арқасында бүгін осындай келелі жиынға куә болып отырмыз, - дейді шопан.

Қой малы күтімті көп қажет етеді. Сондықтан шопандар өзге малшыларға қарағанда біраз әуре-сарсаңға түседі. Мәселен мал дәрігері Зәуреш Құдайұлының айтуынша, қазір уақ жанға ота жасауға болады.

Менің аталарымның бәрі қойшы болған. Өзім Қытайда мал дәрігері мектебін бітіргенмін. Бүгінде қазақ тентек қойды өлдіге санайды, дегенмен оның басынан су алып емдеуге болады. Сиырды не қойды қолмен төлдетуге болады. Байырғы қазақ малсақ еді, жүріс-тұрысынан-ақ танитын. Қазір бұл қансіңді қағида ажырап барады, - дейді З.Құдабайұлы.

Тау жағалай жиналған жұрт аттың дүбіріне қиқу қосып, мәре-сәре болды. Жүйрігі топ жарған ауыл халқы алақайлап, естелік суретке түсіп, палуандарын бауырға басып, киіз үй төрінде қымыз сапырып, емен-жарқын әңгіме өрбітті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы