25 Тамыз 2026, 17:30 Фото: Қазавтожол

Жетісудағы нөсерден кейін тасжолды лай шайып кеткен

Жетісу облысының Панфилов ауданында 24-25 тамыз күндері жауған нөсер жаңбырдың салдарынан республикалық маңызы бар KZ19-01 «Сарыөзек – Көктал» автожолының бірнеше учаскесіне лай-тас тасқыны түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мамандардың мәліметінше, таулы аймақтың жер бедеріне байланысты қарқынды жерүсті ағыны қалыптасып, су, лай және тас жолдың жекелеген бөліктеріне шығып кеткен.

Нөсер салдарынан трассаның бірнеше учаскесінде лай-тас ағындары жолдың жүру бөлігі арқылы өткен. Кей жерлерде жол жиегі мен жер төсемі шайылып, қоршау элементтері зақымданған. Сонымен қатар шағын көпірлер мен су өткізу құрылыстарының маңына лай мен тас үйінділері жиналған. Кейбір су бұру арналары келген судың көлемін өткізе алмаған.

Қазіргі уақытта тау беткейлерінен су ағуы тоқтаған. Жол үстінен су тасуы тіркелмеген, су деңгейі төмендеп, жағдай тұрақтанған.

Жол қызметтері апат салдарын жою жұмыстарына жедел кіріскен. Қазір оқиға орнында 11 жолшы мен 7 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Арнайы техника жолдың жүру бөлігін, жол жиектерін, су бұру арықтарын, шағын көпірлер мен су өткізу нысандарын лай-тас үйінділерінен тазалауда. 

Сондай-ақ шайылған учаскелерді бекіту, су бұру жүйелерін қалпына келтіру және бүлінген қоршау элементтерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мамандар трассаны қосымша тексеріп, зақым көлемін және толық қалпына келтіруге қажетті материалдардың мөлшерін нақтылауда. Жолдың жағдайы тұрақты бақылауда.

Қазіргі таңда «Сарыөзек – Көктал» автожолы арқылы көлік қозғалысы қалыпты режимде жүзеге асырылып жатыр.