Жетісудағы мектепте бұрын сотталған үш азамат жұмыс істеп келген

Прокурорлар Жетісу облысындағы мектептерде көптеген бұзушылық анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жетісу облысының білім беру мекемелерінде прокурорлар 300-ден аса санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен өрт қауіпсіздігін бұзу фактілерін анықтады.

Тексеру барысында облыстағы 5 мектеп маңында жаяу жүргіншілер өткелдері мен «Балалар» белгілерінің болмауы сияқты инфрақұрылымдық жағдайлардың жеткіліксіздігіне ерекше назар аударылды.

Сарқан ауданы мен Талдықорған қаласындағы екі мектептің аумақтары толығымен қоршалмаған, бұл олардың аумағына бөгде адамдардың оңай кіріп кетуіне мүмкіндік береді.

60 мектепте бейнебақылау камераларының көпшілігі жұмыс істемейді, оның 170-і ғана полицияның орталық жедел бөлімдеріне қосылған.

25 мектеп мерзімі өтіп кеткен санитарлық қорытындылармен жұмыс істеген.

Кейбір жағдайда оқушыларға жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмек пен азық-түлікті сақтау фактілері орын алған.

17 мектепте оқушылардың тыйым салынған интернет-контенттерге еркін қол жеткізу жағдайлары анықталды.

Еңбек заңнамасының талаптарына қайшы, мектептерде бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған үш күзетші жұмыс істеген. Мәселен, олардың бірі аса ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылған, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар Кербұлақ ауданы білім бөлімінің есепшілерінің бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Барлық анықталған бұзушылықтарды жою бойынша 40 қадағалау актісі енгізілді, 135 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 41-і тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы