Жетісудағы кремний өндіретін зауыт іргесін кеңейтеді
Жоғары сапалы кремний өндіретін Қазақстанда теңдесі жоқ «KazSilicon» зауыты Жетісу облысының Қаратал ауданында орналасқан. Арадағы 6 жылдық үзілістен соң бұрынғы металлургия комбинаты биылғы наурыз айының соңында қайта ашылған болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазір кәсіпорын іргесін кеңейтуге ниет етіп, қосымша екінші пеш орнату туралы келісімшарт жасасу үстінде. Сонда зауыттың жылдық қуаттылығын 6 мыңнан 7200 тоннаға дейін көтеруге мүмкіндік туады. Алғашқы кезеңде 19 адамды жұмысқа қабылдаса, қазір олардың саны 253-ке жеткен, алдағы уақытта тағы 100 адамға арттыру жоспарланып отыр.
Мұнда Қаратал ауданының Жылыбұлақ ауылына таяу жердегі «Сарыкөл» кен орнынан желілік кварц түріндегі шикізат жеткізіледі. Сөйтіп мұндағы жоғары технологияның арқасында жоғары сапалы, яғни 99,3% кремний элементі өндіріледі. Жалпы кремний әлемде радиоэлектроника, компьютер, ұялы телефон микрочиптерінде, автокөлік өндірісінде қолданылатындықтан, үлкен сұранысқа ие. Дайын өнім Еуропа елдері мен Жапонияға жөнелтіледі. Комбинатта қазақстандық мазмұнның үлесі 80%, яғни «Сарыкөл» кен орнының кварцы, Қарағандының көмірі, Петропавлдың ағаш жаңқалары қолданылады.
Серіктестіктің бас директоры Марат Сәрсеновтың айтуынша, комбинаттың үздіксіз жұмысын 5 ауысым қамтамасыз етеді. Мұндағы жұмысшылардың түгелген дерлігі - жергілікті тұрғындар.
Жұмысшылардың орташа айлық жалақылары 286 мың теңге, оған қоса бонустық төлем жүйесі бар. Жалпы металлургия саласында жұмыстың ауыр әрі жауапты екеніне қарамастан, әрі бұрын бұл бағытта істеп көрмесе де, әсіресе жастардың қызығушылығы жоғары. Бәрін көріп-біліп, үйренуге пейілді. Біз өз тарапымыздан олардың мұндай құлшынысын ынталандыруға тырысамыз, карьералық жағынан өсуіне мүмкіндік жасаймыз. Мәселен, алғашында темір балқытушы кәсібінен бастаған талапты 5 жас қазір шебер маманына ауысты, яғни шебер - қол астында 16 жұмысшы бар басшылық лауазым. Оған жігіттер өздерінің табанды еңбегімен жетті. Оған қоса бізде техникалық жөндеу бригадалары бірнеше ауысымда жұмыс істейді. Барлығы да өз ісін жетік біледі, бір сөзбен айтқанда жұмыс жүйесін, пештің құрылымын бастан-аяқ меңгеріп алған мамандар. Оның бәрін олар осы жерде үйренді, енді білгендерін жас мамандарға үйретіп жатыр, - дейді Марат Сәрсенов.
Оның айтуынша, Бастөбе серистік-техникалық колледжімен келісімшарт жасасқан, дуалды оқыту жөнінде уағдаластық бар. Соған орай электрик, электромонтер, слесарь, монтер, электрогазосварщик мамандықтарын меңгеріп жатқан студенттер екінші курстан бастап осы жерде іс-тәжірибеден өтеді. Осылайша кәсіпорын ұжымы жаңа жұмысшылармен толығып, жас мамандарды еңбекпен қамтуға мүмкіндік жасалады.
Еске салсақ, жыл басынан бері Қаратал ауданының экономикасына 5,3 млрд. теңге инвестиция салынған. Ал жалпы облыс экономикасына өткен 8 айда 129 млрд. теңге инвестиция тартылып, 6,4% өсім көрсеткен.