Жетісуда жылыту маусымына дайындық әлі жүріп жатыр
Талдықорған жұрты жылу сусыз отыр. Ата-аналар балалары сабаққа барар уақытта құбыр қазатын жергілікті билікке шағым айтуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңірде тұмау вирусы жүріп жатқаны белгілі. Күннің кенет суып, артынан ысып кетуіне байланысты әрі осы мезгілде вирустың көп жүретінін ескерсек, дәл қазір жылы сусыз қалған тұрғындардың жайын түсінуге болады. Ойын балалары күнделікті жуынып-шайынып тұруы керек. Ал көпқабатты үйде бұл мәселе ыстық сусыз қиынырақ. Жер үй болса бір сәрі. Сол үшін ата-аналар ертерек ыстық суды қосуын сұрап отыр.
Қазір суық суға баланы жуындырсаңыз таңертең екі мұрны бітіп қалады. Қаншама бала ауырып жатыр. Өткен жылы да күздің кезінде біраз қиындық болған. Жаз бойы бәрін тексеріп алу қажет еді. Мердігерлер тура қыс тақалған кезде қауырт қимылдайды. Бұлардың ісіне көңіл толмайды. Қаншама құбырдан ақау шықты деп жатыр. Қыс та таяп қалды. Масқара ғой, - дейді қала тұрғыны, көпбалалы ана Зәйтүн Шыныбаева.
Жақында қала әкімі Ернат Бәзіл жол инфрақұрылымы мен қаланың жылыту маусымына дайындық барысын тексерген еді. «Бірлік» шағын ауданындағы жылу құбырларын жүргізіп жатқан мердігердің жұмыс қарқыны жылдам жүріп жатқанын айтты. Уақытында ыстық су беріледі. Одан бөлек Балпық би – Төлебаев көшелерінің қиылысында жылу құбырларын ауыстырып жатыр. Жауаптыларға жұмыс қарқынын бәсеңдетпей ай соңына дейін толық аяқтайды.
Қысқы дайындықты қазірден бастап бағамдап алған жөн. Көп ұзамай тұрғындар ыстық суға қосылады. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүріп жатыр, - дейді қала басшысы Е.Бәзіл.
Жауапты мамандар тұрғындарға алдын ала ыстық судың болмайтынын ескертіп жатыр. Кейбір жылу желілері толықтай жабдықтауды қажет етеді. Келесі айға дейін жұмыс жүреді.