Жетісуда жыл соңына дейін газға тағы 55 мыңнан астам адам қол жеткізеді
Жетісуда өңірді газдандыру жұмыстары белсенді жалғасуда. Бүгінде облыстың 333,5 мың тұрғыны газға қол жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңір әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, тағы 55 мыңнан астам тұрғыны бар 27 елді мекен осы жылдың соңына дейін газдандырылады. Солардың қатарында Текелі қаласы, Көксу, Ескелді, Қаратал аудандарындағы бірқатар ауылдар және Талдықорған қаласы маңындағы тұрғын аудандар бар.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, Ескелді ауданының елді мекендері мен Текелі қаласын газдандыру үшін 2018 жылы ұзындығы 31,3 км «Талдықорған-Текелі» жоғары қысымды газ құбыры салынды, ал 2022 жылы республикалық бюджет қаражатына Текелі қаласында жалпы ұзындығы 195 км ішкі газ тарату желілерін салу жұмыстары басталған. Бүгінгі таңда соның 147,5 км немесе 76% тартылды. Сол сияқты қолданыстағы 190 көп қабатты үйдің 176-сы газ желісіне байланыстырылды. Тиісті жұмыстар қазан айында аяқталады деп күтілуде. Сонда Текелі қаласының 30 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізе алады.
Ескелді ауданына келетін болсақ, газдандыруға жататын 21 елді мекеннің 8-і газға қол жеткізді, олар - Алдабергенов, Қарабұлақ, Өрқусақ, Екпінді, Матай Байысов, Елтай, Сырымбет, Бақтыбай ауылдары. Соңғы аталған екі ауылдың жекелеген шағын аудандарында газдандыру жұмысы жалғасып жатыр. Қазіргі кезде Қаратал, Көкжазық, Теректі, Ешкіөлмес, Абай, Шымыр, Жетісу, Жаңалық, Жастар және Өтенай ауылдарында газ тарату желілерін салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Ақтасты ауылындағы құрылыс-монтаж жұмыстарына конкурс аяқталды. Сондай-ақ Ескелді ауданын толық газдандыру үшін қалған екі елді мекен бойынша жобалық жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде аталған аудан толығымен газдандырылатын болады.
Жетісу облысының елді мекендерін газдандыру мәселесі – стратегиялық маңызды міндеттің бірі. Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, жыл соңына дейін Ескелді ауданында 9 ауылдың – Теректі, Қаратал, Абай, Ешкіөлмес, Жетісу, Жастар, Жаңалық, Өтенай, Шымыр ауылдары және Текелі қаласы тұрғындарының үйлеріне газ тартуға мүмкіндік жасалады. Қазан айының соңына дейін текеліліктер көгілдір отынға қостыла алады, ал аталған 9 ауылдың тұрғындары газға тамыз айының соңынан бастап жыл аяғына дейін кезең-кезеңімен қосылады, - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының газдандыру бөлімінің басшысы Азамат Кемелов.
Атап өтсек, бүгінде Жетісу облысында газдандыру деңгейі 47,6%, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 50%-дан асады.
Еске салсақ, 2025 жылдың соңына дейін өңірдің 506,6 мың тұрғыны бар 126 елді мекенін газдандыру жоспарланған, ал газдандырудың екінші кезеңінде Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарының елді мекендері көгілдір отынмен қамтылады. Қазіргі кезде "Талдықорған-Үшарал" магистралды газ құбыры құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Маңызы зор ауқымды жоба осы жылдың тамыз айының соңында іске асырыла бастайды деп жоспарланған. Оны аяқтаудың алдын ала белгіленген мерзімі - 2026 жылдың соңы. Осы жобалардың бәрі жүзеге асырылғанда Жетісу облысында газдандыру деңгейі 100%-ға жеткізілетін болады.