Жетісуда жөндеу көрмеген тұрғын үйлер бар

Талдықорғанда сонау кеңес заманынан келе жатқан жөндеу көрмеген үйлер бар. Халық тұрғын үйдің ішін реттегенімен, сырты қаланың сәнін бұзып тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Талдықорған қайта облыс орталығы болғаннан бері байырғы көпқабатты үйлерге көңіл бөлінбеді. Жаңа ғимараттар мен жол салынып, газ, су желілерін тарту мәселелері өзекті болып тұрды. Сол себепті ескі үйлерді жаңғырту шаруасы кейінге қалып жатты. 

Былтырдан бері сол олқылықтың орнын толтыру үшін және тұрғындардың тілегін ескере отырып, қала әкімдігі ескі үйлердің сыртына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді шешкен.

Бүгінде 10 шатырдың жөндеу жұмыстары басталды. Қалған 18 үйдің шатырын жөндеу күздің аяғына дейін аяқталады. Шамамен 2100 кв метр қасбеттерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бірнеше тұрғын үй заманға сай әрленіп, ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр, - дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сеитімбаев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл Талдықорған қаласынан бөлек, Текелі қалалары мен Көксу ауданында 34 көп қабатты үйдің шатыры мен 10 үйдің қасбеті жөнделеді. Мәселен, Талдықорған қаласының өзінде ғана биыл 28 үйдің шатырына жөндеу жұмыстары жасалынбақ. Ал Текелі қаласында 5 үйдің, Көксу ауданында 1 үйдің шатыры жөнделіп біткен. Келер жылы да осындай жұмыстар жалғасын табады.

Қала әкімі Ернат Бәзілге жолыққанда осы үйлердің сыртына жаңғырту жұмыстары істелсе деген өтініш айтқанбыз. Осыған дейін жергілікті әкімдік айтқанымызды істемеді. Үнемі кейінге қала береді. Қазір шатырдың төбесінен су ақпайды. 5-ші қабаттың тұрғындарының төбесінен су ағып, өздері жамап қойған болатын. Енді шатыр бүтінделді, - дейді қала тұрғыны, зейнеткер Лариса Танкенова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы