Жетісуда жастардың дені ауылда тұрады

Жетісу жерінде жалпы жастардың саны 200 мыңға таяу. Оның жартысынан астамы ауылда тұрады. Сондықтан болар NEET санатындағы жастардың үлесі 10,5% құрайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі

Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өскен

Бүгінде Жетісу жерінде жастармен жұмыс істеу үшін түрлі іс-шаралар қолға алынған. Әсіресе ауылдағы жастарды қоғамдық жұмысқа араластыру үшін облыс орталығына тарту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Облыстық қоғамдық даму басқармасының «Jetisy jastary» КММ-сі өңірдегі жастар саясатын 7 бағыт бойынша және әлеуметтік осал тұстарын дамытуды көздейді. 

Сондай-ақ, мемлекет пен жастар арасында байланыс орнату бойынша маңызды жұмыстарды іс жүзіне асырады. Мәселен, БНС Агенттігінің стратегиялық жоспарлау және реформалар деректері бойынша өткен жылдың басындағы облыстағы жастар саны 186 895 адамды құрап отыр. Бұл облыс халқының 27%-ы деген сөз. Оның ішінде қалада – 82 837 адам, ауылда – 104 058 адам тұрады.

Өңірде 1111 жастар ресурстық орталығы қызмет көрсетеді. Оның біреуі облыстық, екеуі қалалық және 8 аудандық саналады. Жалпы штат саны – 90 адам. 30-ға жуық жастар қоғамдық ұйымы белсенді жұмыс істейді. Былтыр 15-34 жас аралығындағы NEET санатындағы 17 869 адам тіркелді. Өкінішке қарай, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,5% құрап отыр. Жалпы республика бойынша бұл көрсеткіш 3,3%. Жастар саясатын іске асыруға бюджеттен 1 131 343 300 теңге бөлінген. Өңір көлемінде жыл басынан жасөспірімдер мен жастар арасында патриоттыққа баулу бойынша 300 ге тарта іс-шара жүргізілді. Оған 20000 жас қамтылды. Одан бөлек 44 акция, 65 түсіндірме жұмыстары, 28 дөңгелек үстел, 16 мәдени-спорттық іс-шара, 13 студенттік жатақханаларда профилактикалық әңгіме, 36 кездесулер, 7 челлендж өткізіліп, 6674 жас қамтылды, дейді облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Эльмира Сегізбаева.

Оның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жетісудағы NEET санатындағы 8 106 жастың тізімін ұсынған. Аталған тізімде көрсетілген 5 298 жастың жағдайы толық анықталып, байланыс орнатылған. Осы орайда NEET санатындағы жастар 65,4% өзектендірілген. Оған қоса «Отбасы цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне енгізген екен.

Жастар орталығы тізімде көрсетілген жастардың әлеуметтік санатын нақтылау мақсатында облыс бойынша атаулы жұмыс жүргізілген. Оларды жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар, гранттар, мәселенки, жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие, «Тәуелсіздік ұрпақтары», «Дипломмен ауылға!», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» секілді маңызды жобалар жайлы ақпараттандырып, «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне» қатысуға шақырған. Қалған 2 808 жастың санаттары көрсетілген мекен-жайы бойынша тұрмауына, аудан/қалалық ауруханалардың және «Мансап» орталық филиалдарының базасынан шықпағандықтан анықтау қиынға соққан. Олар иесі жоқ, бұзылған үйлерді мекен-жайы ретінде тіркегендіктен іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Отбасы құндылықтарын дәріптеу «Shanyrak» клубы аясында жастарға қоғамдағы отбасы жөнінде түсінік беру, отбасы тәлім-тәрбиенің негізі екенін ұғындыру мақсатында 423 шара, қамтылған жас саны – 13113. Нашақорлықтың алдын алу бойынша рейдтік жұмыстар, жадынамалар таратылды. «Өмір қандай тамаша!», «Жан мен тән тазалығы – рухани тазалықтың өзегі» тақырыбында кездесу-тренингтер ұйымдастырылды. «Jetisy jastary» КММ-нің бастауымен және аудан,қала филиалдарының ұйымдастыруымен белсенді және волонтер жастардың қатысуымен 2024 жыл басынан жалпы саны 386 шара өткізіліп, 46235 жас қамтылды. Атап айтар болсақ «Ашық аспан астында кинокөрсетілім», «Dream city» , «ФотоКвест», «Интеллектуалды ойындар», «Сезім үшін» мерекелік ән жыр кеші, «Quiz show», «Гитара кеші» және т.б іс-шаралар аудан, қала бойынша өткізілді, дейді «Жетісу жастары» КММ-нің директоры Шамиль Ванкеев.

Жетісу жастарының жалақысы аз

Жетісу аграрлы өңір болған соң, жастардың көбі ауылшаруашылығы саласында еңбек етеді. Олардың дені жалдамалы жұмысшы ретінде тіркелген. Ал қоғамда жалдамалы жұмысшылардың жұмыссыз ретінде тіркелуге құқы бар. Сондықтан бұл мәселе де өзекті болып отыр. Қыс бойы үйінде тыныш жатып, көктем бастала егінге шығатын жастардың қарасы көп. Оларды басқа да қызметке тартуға жол ашсаңыз да, оған оңайлықпен көнбеуі мүмкін. Себебі ауылда ата-анасына қарап отырған қаншама жас бар. Олардың да тағдырын ескерген абзал.

Мен үйдегі жалғыз баламын, қазір қалаға кететін болсам, үйдегі әке-шешемі ешкім қарамайды. Ал қыста отын жарып, көмір тасу 70-ке келген жандар үшін азаптың азабы. Сондықтан алысқа ұзай алмаймын. Ал негізгі мамандығым энергетика саласчы. Аламтыдан бірнеше компания ұсыныс тастады, бірақ ауылдан ұзай алмайтынымды айттым. Әке-шешем қалаға көшкісі келмейді. 

Жақында отбасын құрдым. Ауылда бұл салада маған дайын жұмыс жоқ. Кейде балалармен бірлесіп, қызылша жинауға, шөп тасуға шығып тұрамын. Оның өзі сирек, кейде ауыл арасына, қалаға көлігіммен адамдарды тасып, ақы аламын. Басқа не істеуге болады, дейді Сағабүйен ауылының тұрғыны Айдос Кебекбаев.

Жалпы өңірдегі жастарды жұмысқа тарту үшін түрлі жобалар қолға алынып жатыр. Мәселенки, «Jetisy jastary» КММ-нің бастауымен және аудан, қала филиалдарының ұйымдастыруымен белсенді және волонтер жастардың қатысуымен былтыр 150 шара өткізіліп, 35284 жас қамтылған. 

Атап кетер болсақ, «Шаған тау – тау марафоны», «Кидс марафон», «Қол күрес», «Асық ойыны», «Футбол ойыны» және т.б іс-шаралар аудан қала бойынша өткізілген. Өткен жылдың үшінші тоқсанына үңілетін болсақ, 15-34 жас аралағындағы NEET санатындағы жастардың үлесі 8,2% құраған. Бұл көрсеткіш биыл өсуі мүмкін. Себебі ұсынылған жұмыстарда істейтін жастардың денінің жалақыс аз.

Жыл басынан жұмыссыз және NEET санатындағы жастармен 241 кездесу, 203 ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 8264 жас қатысты. Жыл басынан жалпы 83 «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, 6394 жұмыссыз жас қатысты. Нәтижесінде, 4011 адам тұрақты жұмыс орнына және «Жастар практикасына» 412 адам, «Алғашқы жұмыс орнына» 116 адам, «Ұрпақтар келісімшартына» 4 адам, қоғамдық жұмыстарға 1049 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 56 адам, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына 185 адам, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 240 адам, ЭЕБ онлайн оқудан өткен 321 адам орналасты. Ақпараттық-консультациялық көмекпен 9 901 жас қамтылды. Оның ішінде: отбасылық мәселелер бойынша - 2740 адам, психологиялық көмек көрсетілді – 197 адам, білім беру мәселелері бойынша – 2700 адам, жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік жобалар бойынша түсініктеме – 4264 адамға берілді, дейді Ш.Ванкеев.

10 мыңнан астам жас жұмыс іздеп келген

Алматы облысы тұсында Талдықорған қаласында жастарға арнап зәулім ғимарат салынған. Бүгінде оның іші бос тұр десек болады. Бұрынғыдай емес жастарды сирек кездестіресіз. Оның өзіндік себебі бар. Себеп сол – жалақы мәселесі. Алатын айлығы шайлығына жетпейтін жастар жұмыстан шығып кеткен.

Өткен жылы жұмыспен қамту органдарына 35 жасқа дейінгі жастар арасынан 10 304 адам жүгінген. Олардың тең жарымына жұмыс бойынша түрлі ұсыныс жасалған. Осы ретте 6 123 адам жұмысқа орналастырылған. Бүгінде оның 4 011-інің тұрақты жұмыс орыны бар. Қоғамдық жұмыстарға 35 жасқа дейінгі жастар арасынан 1049 адам, жастар практикасына – 412 түлек, алғашқы жұмыс орнына - 116 адам, ұрпақтар келісім-шарты бойынша - 4 адам, ЭЕБ онлайн оқудан өткендер - 321, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға - 240 адам жіберілген. Осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таппақ.

Мен ауылдың баласымын. Ешкімге салмақ салмайын деп, өз күшіммен оқуға түстім. Экономика мамандығын таңдағаным да бекер емес еді – болашақта ауылымның дамуына үлес қосқым келді. Бірақ қазір сол таңдауыма өкінемін. Дипломды қолға алғанда, бірде-бір есік маған ашылған жоқ. Жалақысы дұрыс жұмысты айтпағанда, тәжірибесіздерді жұмысқа алмайды. Сонда біз қайдан тәжірибе жинаймыз? Қаладан күдер үзгесін ауылға қайттым. Бірақ ауылда маған жұмыс бар ма? Әрине, жоқ. Енді амалсыз жазда қызылша теруге, күзде шөп шабуға, қыста біреудің отынын тасуға дайын тұрамын. Мен оқуға түскенде осындай болам деп ойладым ба? Ата-анам мені қалаға “маман бол” деп жіберді, ал мен қайтып келіп, баяғы қара жұмысқа кірісіп кеттім. Бәрінен бұрын, ауылдағы үлкендер мені мазақтайды. “Оқысаң да бізбен бірге жүрсің ғой” дейді. Кейде мен де соларға қосылып күлемін, бірақ ішімнен қатты күйінемін. Сонда мен не үшін төрт жыл бойы оқыдым? Жұмыссыз жүріп, дипломымды сандыққа салып қою үшін бе? Қалада тұрақтап қалайын десем, таныссыз жұмыс табу қиын. Қанша жерден өз күшіммен жетістікке жеткім келсе де, қарапайым тіршілік күн көрістен аспай жатыр. Әкем “уақытша” деп, егіс даласына шақырып жатыр. Білемін, уақытша емес, жылда қайталанатын нәрсе бұл. Бірақ басқа амал бар ма? Біреулер “жастар жалқау, жұмыс істегісі келмейді” дейді. Бірақ мен істегім келеді. Тек дипломымды сандыққа тығып қойып емес, өз мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Бірақ мені ешкім күтпейді. Қаладан жұмыс таппадым, ауылда да маған орын жоқ. Сонда болашағым қайда?, дейді Діңгек ауылының тұрғыны Мағжан Жанпейіс.

Жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін былтыр тамыз айында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грант иегерлері марапатталған. «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» бағыттары бойынша жалпы 112 жоба қабылданып, оның ішінде 10 жоба үздік деп танылды. Жалпы бұл жобаға 30 млн теңге қарастырылған. Әр жобаға 3 млн теңге табысталған.

Жастар орталығындағы 49 маман өз еркімен жұмыстан шыққан

Өкінішке қарай, кәмілетке толмаған жастар арасында 32 ерте жүктілік жағдайы тіркелген. Осы түйткілдің алдын алу үшін өңірде «Отбасы күні» кең көлемде атап өтіледі. Оған көбіне еріктілер тартылып, ерте жүктіліктің зиянын түсіндіреді. Еріктілер дегеннен шығады. 2023 жылдан бастап өңір көлемінде «Мейірімді Жетісу» волонтерлер фронт-офисі жұмыс істейді. Барлығы 635 волонтер тіркелген, волонтерлік ұйымдар саны – 13, бастамашыл топтар саны – 18.

Өткен жылы Халықаралық волонтерлер күніне орай, облыс аймағындағы үздік волонтерлерді 10 номинация бойынша марапаттау рәсімі өтті. Облыстық «Жыл волонтері» сыйлығы табысталды. Тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында 2023 жылдан бастап «Жетісу жастары» өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылуда, бұл бағдарлама арқылы Талдықорған қаласында «Отбасы банк» арқылы жастарға тұрғын үй берілуде. Бағдарламаны іске асыруға 900 млн теңге бөлінген. Бүгінгі таңда осы жоба аясында 65 жас тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Былтыр мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жалпы құны 151 млн теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылуда. Жастар арасында волонтерлік бастамаларды қолдау – 20 млн теңге қарастырылған. Жастар арасында дебат қозғалысын дамытуға арналған шаралар кешені – 7 млн теңге бөлінді, дейді облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Эльмира Сегізбаева.

Биыл ауыл жастарының, оның ішінде NEET санатындағы жастардың әлеуетін дамыту мақсатында «Қоғамдық бастамаларды қолдау орталығы» ЖАҚ арқылы 94 205 000 теңге көлемінде 10 жоба іске асырылады. Бұл бағытта

ауылдық және жұмыссыз жастардың әлеуметтенуіне арналған шараларды іске асыруырмақ. Сондай-ақ, «Жасыл ел» еңбек жасақтарында жастарды маусымдық жұмыспен қамту шаралары да жалғасады. Алматы қаласының тәжірибесін ескере отырып, Талдықорған қаласында «Нарко стоп» пилоттық бағдарламасын іске асыру жоспарланып отыр.

«Мен де ауылдың баласымын. Бірақ жұмыс жоқ деп, өкпелеп отыратын адам емеспін. Қалаға барып, ІТ мамандығын оқыдым. Бірден айтайын, менің де дипломды қолға алған күнім – дайын жұмыс күтіп тұрған күн болған жоқ. Бірақ бір нәрсені түсіндім: қазіргі заманда сенің мамандығың емес, қабілетің маңызды. Оқу бітірген соң жұмыс іздеп, екі-үш ай қиналғаным рас. Бірақ мен қол қусырып отырмадым. Әртүрлі онлайн курстар оқып, бағдарламалау дағдыларымды дамыттым. Тіпті фрилансқа шығып, алғашқы табысымды да сол жерден таптым. Қазір бәрі интернетте ғой! Ең бастысы – талпыныс болу керек. Кез келген салада өзіңді дамытсаң, жұмыстың өзі сені тауып алады. Ауылда жұмыс жоқ дейтіндерге айтарым: бар. Тек ол сен күткендей болмауы мүмкін. Қазір ауыл шаруашылығы да, шағын кәсіпкерлік те технологияға тәуелді. Сайт жасап, өнімдерді интернетте сату керек, әлеуметтік желі арқылы жарнама жасау керек. Осыны меңгерсең, тіпті ауылда отырып-ақ табыс табуға болады. Бірақ бізде көбісі “маған біреу жұмыс тауып берсін” деп күтіп отырады. Бұл – ең үлкен қателік. Қазір еңбек нарығы өзгерді. Бір жерде бір орында отырсаң, сені ешкім байқамайды. Егер өзің ізденсең, білім алып, қабілеттеріңді дамытсаң, мүмкіндіктер шынымен де көп. Тіпті ауылда отырып, қаладағыдай ақша табуға болады. Менің достарымның көбі де ауылдан шыққан. Бірі ІТ саласында, бірі дизайнмен, бірі маркетингпен айналысып, қазір өз-өзін қамтамасыз етіп жүр. Ешқайсысы “жұмыс жоқ” деп шағымданған емес. Өйткені олар білетін бір нәрсе бар: шын ізденген адамға мүмкіндік әрқашан табылады», дейді Талтықорған қаласының тұрғыны Асқар Нариманов.

Айта кетейік, өкінішке қарай Жастар ресурстық орталықтарының мамандарының жалақысы өте аз. Қазіргі таңда мамандардың орташа жалақысы 105 000 теңгені құрайды. Қолына алатын сомма көлемі – 84 мың теңге. Бұл кадрлардың жоғары айналымына әкеліп соғады. Мысалы, өткен жылы 49 маман өз еркімен жұмыстан шыққан. Алдағы уақытта айлығы көбеймесе Жастар орталығында істейтін маман қалмайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы