Жетісуда "Жастар Fest" фестивалі дауға айналды

Таза орыс тілінде ұйымдастырылған шара, бір-біріне суық су шашқан жастар, даңғаза әуен, ұлттық идеологияға жат әрекеттер жетісулық жұртты шошытты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Зиялылар өре түрегелді, әкімдік мыңқ етпеді

Биыл жаз Талдықорған қаласының жағажайында өткен "Жастар Fest" фестивалімен есте қалды. Әкімдік пен ұйымдастырушылар бұл шараны жастардың бос уақытын тиімді өткізу, шығармашылық пен салауатты өмір салтын дәріптеу деп бағалағанымен, қоғамда бұл бастамаға қатысты пікір екіге жарылды. Себебі, салтанатты түрде өткізілген фестивальде қазақы болмыс пен ұлттық мазмұннан гөрі даңғаза музыка, орыс тілді жүргізушілер мен су шашқан жастардың оғаш әрекеті көпшілікті есеңгіретіп тастады.

Бір жылдары шулап жүріп, әрең тоқтатқан едік тура осындай даңғаза далбасалықты. Бұл жолғысының қарқыны тіптен сұмдық екен. Ұлттық құндылықтарды ұқтыра алмай жүргенде жастарымыз жат елдің қаңсығына мүлде бой алдырып кетпесе деңіз. Облыстағы атқамінерлер идеологияның тізгініне ие бола алмай отырғанының айқын көрінісі, - дейді белгілі журналист Болат Абаған.

Фестивальде қазақтың салт-дәстүріне, мәдениетіне, тіліне ешбір емеурін байқалмады.

Жат дәстүрдегі, өзге тілдегі шаралар қазақ жастарының жүзін ары қаратпаса, бері қаратады деп айта алмаймын... Осыған кім рұқсат берді екен?, - дейді Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының директоры Жангелді Немеребаев.

Тіпті шараның басым бөлігі орыс тілінде жүргізіліп, қазақ тілі мен ділі назардан тыс қалғаны қоғам зиялыларын алаңдатып отыр.

Осындай көпшілікпен өткізклетін шараларда ұлттық идеологиялық бағыт болуы керек. Алайда, қалалық әкімдіктің өткізген осындай “шоу, фесті” көңілге күдік ұялатады. Бұл дегеніміз қазақ қоғамына жат дүние ғой? Одан бөлек өткенде де, осы жолы да тек ресей (яғни орыс)тілінде ғана жүргізілді. Бұл сонда қандай саясат? Жалпы бұл шараны ұйымдастырушы кім, осыған жол берген кімдер? Және қандай мақсатта ұйымдастырылды? Оның ұрпаққа, қоғамға бері не?!, - дейді ақын Қалқаман Әбдірахманұлы.

Ұлттық рух па, әлде ұлттық рухсыздық па?

Қазақы нақышсыз, мән-мағынасыз шоуға миллиондар шашу арқылы жастарды тамырына жат мәдениетке тәуелді етіп жатырмыз ба? Кімге керек бұл ‘Жастар Fest’?

Біз жас ұрпақты тәрбиелейтін мәдени шаралар күтеміз. Бояу жағып, су шашып, шетелдік әуенмен билеуді емес. Бұл – ұлттық құндылықты елемеудің айқын көрінісі. Билікке қарсы емес, бірақ саналы сын айту – әр азаматтың міндеті, - дейді қала тұрғыны Айгүл Қаламберген.

Жастар неге су шашады? Түпкі мақсаты түсініксіз "су шашу" ойыны жастар арасында қатты қызығушылық тудырғанымен, мұның тәрбиелік мәні мен қоғамдық орны жайлы сауал көп. Су — қазақ ұғымында киелі. Су шашу — қазақ танымында жағымсыз әрекет. Оны мерекеге айналдыру – нағыз рухани сауатсыздықтың белгісі.

Сексенінші жылдары ұжымда бір немістің шалы болды. Кейде осындай бір мәселелер айтылып, өз өзімізбен дауласып жатқанымызда әлгі неміс атамыз: "Не переживайте ребята, дальше еще хуже будет" дейтін еді. Мен де кейде солай айтқым келеді, - дейді ардагер журналист Жұмахмет Жайлаубаев.

Көпшілік арасында әлеуметтік желілерде наразылық пікірлер жиі айтылып жатыр. Қала тұрғындары бұл шараны жастарды кері жолға жетелейтін, мәнсіз даңғазаға құрылған жоба ретінде бағалауда. Қаншама қаражат жұмсалғаны жөнінде де ашық ақпарат берілмеген.

Біздегі идеологияның сыйқы осы. Жат елдің, жат ұғымның жетегіне жастарды байлап беріп отыр. Ұлттың құндылықтан жұрдай,әрі ресми тілде өтеді екен. Бес жүз мыңға түрлі бояулар шаштырып, даңғаза жастарды билетіп қырқыстырмақ, - дейді айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов.

Әкімдік халық үнін естімеді ме?

Қала әкімінің баспасөз қызметіне хабарласқанда, олар бояу шашу шарасын алып тастағанын жеткізді.

Біз зиялы қауымның талабын ескердік. Краско шоу болған жоқ. Фестивальден краска шоуды алып тастадық, - деді қала әкімінің баспасөз қызметі.

Жазғы фестивальдің шарықтау шегінде сахнаға шыққан DJ FIZZ-дің әуенімен билеген жастар, шулаған көпшілік – бұл көрініс қазақы тәрбиемен өскен кез келген азаматтың жанын ауыртпасы мүмкін емес. Фестивальдің басты жұлдызы DJ болуы – біздің құндылықтарымыздың қандай деңгейде екенін ашық аңғартқандай.

Бізде ұлттық идеология, мемлекеттік идеология деген мүлдем жоқ. Оны айтсаң шенділер тұра қашады. Соның салдарынан жат ағымдағы діндер, ұлттық бірегейлігімізді мансұқтайтын дәстүрлер қоғамды жайлап барады. Дегенмен, билік тізгінін ұстағандарда намыс пен көрегендік болса бұған жол бермес еді, - дейді белгілі ақын Қуат Қайранбаев.

Шынында, қала әкімдігі мұндай шараларды ұйымдастырмас бұрын, қоғамның көзқарасын, ел мүддесін және рухани бағытты назарға алғаны абзал. Әйтпесе, рухсыздықты дәріптеу арқылы бір күндік қуанышқа алданған ұрпақ ертең кімге айналмақ?

Бұған көп болып тойтарыс бермесек, арты жын ойнаққа ұласуы мүмкін. Ұлттық санасы енді қалыптасып келе жатқан жастарды улау процессі ашық жүріп жатыр, - дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сағындық Жұмаділ.

Осы ретте зиялы қауым жергілікті билік өкілдеріне мынандай талап-ұсыныстарын қойып отыр. Бұдан былай жастарға арналған іс-шараларда: қазақ тілін басты коммуникациялық құрал ету; Ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттау; Рухани, тарихи-танымдық бағытты күшейту; Жергілікті зиялылар мен белсенділердің қатысуымен кеңес өткізу қажет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қала әкімінің баспасөз қызметінен
Өзгелердің жаңалығы